«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы («Ақ жол» ҚДП)

 «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы («Ақ жол» ҚДП) – Қазақстандағы саяси партия, өзін «сындарлы оппозиция», бизнес партиясы және ХХ ғасыр басындағы «Алаш» қозғалысының ізбасары деген ұстанымын айқындаған.

«Ақ жол» демократиялық партиясы әділет органдарында 2002 жылғы 3 сәуірде тіркелген.

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің тең төрағалары болып Болат Әбілов, Әлихан Бәйменов, Ораз Жандосов сайланды.

2003 жылғы 9 қарашада өткен «Ақ жол» ҚДП III құрылтайында «Ақ жол» партиясының тең төрағаларының саны 5 адамға дейін артты. «Ақ жол» ҚДП тең төрағалары болып қосымша Людмила Жуланова мен Алтынбек Сәрсенбайұлы сайланды.

2005 жылы 13 наурызда «Ақ жол» ҚДП V құрылтайы «Ақ жолдың» тең төрағалар институтын тарату туралы қаулы қабылдады, ал партияның бірыңғай төрағасы болып Әлихан Бәйменов сайланды.

2004 жылы Мәжіліс сайлауында ресми деректер бойынша партия 12,04% дауыс алып, 1 мандатқа ие болды.

2007 жылы Мәжіліс сайлауында партия 3,09 % дауыс жинап, Парламентке өтпей қалды.

2011 жылғы 2 шілдеде партияның Астанада өткен құрылтайында «Ақ жол» ҚДП төрағасы болып бірауыздан «Атамекен» Ұлттық Экономикалық палатасының басшысы Перуашев Азат Тұрлыбекұлы сайланды. Осы сәттен бастап партия өз қызметінің ұйымдастырушылық, кадрлық, идеологиялық, зияткерлік негіздерін түбегейлі жаңартуды жүзеге асырып, өз дамуының сапалы жаңа деңгейіне шықты. «Ақ жол» партиясының қатарына бизнес өкілдері белсенді кіре бастады.

2012 жылдан бастап «Ақ жол» ҚДП парламенттік партия болып табылады, Мәжілісте депутаттық фракциясы бар.

2012 жылғы сайлау қорытындысы бойынша партия сайлаушылардың 7,47 % дауысын жинап, 8 депутаттық мандат алды.

2016 жылғы сайлау қорытындысы бойынша партия 7 мандат алды.

2021 жылғы сайлау қорытындысы бойынша партия 12 мандат алды. Парламенттік сайлаумен қатар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға сайлау да өтті, оның нәтижелері бойынша «Ақ жол» партиясының 222 өкілі мәслихаттардың депутаттары болып сайланды, оның ішінде: 39 – облыстық, 65 – қалалық, 118 – аудандық.

2021 жылы алғаш рет аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдерін сайлау өтті, оның қорытындысы бойынша әкімдер лауазымына «Ақ жол» партиясының 11 өкілі сайланды. 

«Ақ жол» ҚДП-ның облыс орталықтарында және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 17 филиалы, Жезқазған, Семей қалаларында 2 өкілдігі бар.

Партия мүшелерінің саны 255 800 адамды құрайды (2020 ж. желтоқсан айына), оның ішінде – 64% – ерлер, 36% – әйелдер. Жастар партия санының 11%-ын құрайды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының негізгі мақсаты – әрбір азаматтың еркін дамуы, оның құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, барлық қазақстандықтардың өмір сүру сапасы мен деңгейін ұдайы арттыру үшін, сондай-ақ Қазақстан қоғамы мен мемлекетінің экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресіне қол жеткізу үшін қажетті жағдайлар жасау болып табылады.

«Ақ жол» партиясы Қазақстанда бәсекеге қабілетті және нарықтық экономика құрудың, жеке кәсіпкерлікті, ең алдымен шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдаудың табанды жақтаушысы болып табылады.

Партия ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуының іргелі негіздерін қалаған және ұлттық мүдделерді әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерімен ұштастыру негізінде қазақ қоғамын еуропалық жолмен жаңғыртуды өзінің мақсаты етіп қойған «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының ізбасары болып табылады. Партия Алаш идеясын тарату жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеп, оны жүзеге асыру жөнінде жүйелі түрде іс-шаралар өткізіп тұрады.

«Ақ жол» партиясының әлеуметтік тірегі – қалыптасқан және дербес орта тап, оның ұйытқысы отандық зиялы қауым және кәсіпкерлер.

«Ақ жол» демократиялық партиясының тарихи миссиясы – қоғам мен экономиканы ілгерілетудің ең өзекті міндеттерін қоюға және осы міндеттердің тиімді шешімдерін табуға қабілетті меншік иелерінің, басқарушылар мен зияткерлердің табы ретінде ұлттық бизнестің, техникалық және шығармашылық зиялы қауымның қалыптасуы мен дамуына ықпал ету.