09
Қазан

А.Перуашев Қызылорда облысында іссапарда болды

          9 қазан 2020 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі

           А.Перуашев Қызылорда облысында іссапары аясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықовамен кездесті. Кездесуде партиялардың өзара ынтықмастығын арттыру мәселелері талқыланды.

         - Біздің партия халықтың экономикалық, әлеуметтік саласын дамытуға арналған біршама жоспарларды ұсынбақ. Алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жетістіктерге жетеміз деген сенім бар - деді Азат Перуашев.

Өңір басшысы халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында барлық партиялар мен ұйымдардың жобаларын қолдауға дайын екендігін жеткізді.

Сапар барысында А.Перуашев Төтенше жағдай және карантин кезінде  санитарлық-эпидемиологиялық мекемесі, жұқпалы аурулар және жансақтау бөлімдерінде жұмыс істеген бір топ дәрігер, медбикелер мен кіші медициналық қызметкерлермен  кездесті.

Іс-шараға облыстық филиал кеңесінің мүшелері мен індет кезінде қарқынды қызмет еткен медицина қызметкерлері қатысты. Олар науқастардың  өмірін сақтап қалу үшін күндіз-түні індетпен арпалысып қана қоймай, екі ай жанұясынан жырақта болды. Сондай-ақ, олардың көпшілігі өздері де ауырды. Осы орайда адам жанына араша болған медицина қызметкерлерінің еткен еңбегі марапатқа әбден лайық. Жиынға қатысушылар індет кезіндегі ауыр жағдайды бір сәт есіне алып, жақынынан айырылған жандар көздеріне жас алды.

Жиын қатысушылардың қойған сауалдарымен жалғасты. «Ерен еңбек етіп, төмен айлық алатын медбикелердің айлық көлемі жоғарыласа екен»,-дейді Қызылорда облысы бойынша тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігін бақылау департаментінің инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиялогиялық қадағалау бөлімінің басшысы Әлия Ыдырысова. А.Перуашев өз кезегінде қойылған сауалдарды елеп, екшеп қолға алатындығын жеткізді.

Партия төрағасы өз тарапынан індет кезінде талмай қызмет жасаған абзал жандардың еңбектерін бағалай отырып, партия мен әріптестердің атынан дәрігерлер, медбикелер мен кіші қыметкерлерге  ерен еңбектері үшін алғыс айтып, оларға  “Ақ жол” демократиялық партиясының “COVID-19-бен жанқиярлық күресі үшін” төсбелгісін тапсырды.

Еселі еңбектерінің еленіп жатқанына дәрігерлер де өз тарапынан «Ақ жол» партиясына және партияның Қызылорда облыстық филиалының жұмысына  ризашылықтарын білдірді.

Партия төрағасының Қызылорда облысындағы іссапары Жаңақорған ауданында жалғасын тапты. Сапар барысында ол Жаңақорғандық кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдады. Аудан кәсіпкерлері ауыл шарушылығын дамыту жайында біраз ұсыныстарын айтты.

            Мұнан соң партияның Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен аймақтағы кәсіпкерлер мен еріктілердің бірлескен жиыны өтті.  Шараға партия мүшелері, шағын және орта бизнес өкілдері мен еріктілер қатысты. Жиын барысында өңір азаматтары Коронавирус инфекцияның жаңа толқыны мен жазғы қорқыныштың қайталану қаупіне алаңдаулы екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ, партия төрағасы кәсіпкерлер мен еріктілердің түрлі тақырыптағы сауалдарына жауап берді.

            Жиын соңында депутат партия атынан Коронавирус індетімен күрес кезінде халыққа демеу болған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау жасап, түрлі материалдық көмек берген кәсіпкерлер мен еріктілерге ризашылығын жеткізді. Олардың еңбектерін елеусіз қалдырмау мақсатында «Жанқиярлық күресі үшін» төсбелгісін табыс етті.