23
Қыркүйек

23.09.2026

Асылхан Қожахметов: Сатып алу қағидалары барлығына бірдей болуы керек

ҚР Денсаулық сақтау министрі

А. Ш. Әлназароваға

 

ҚР Бас прокуроры 

Б.Н.Асыловқа

 

ҚР Бәсекелестікті қорғау және

дамыту агенттігі Төрағасы

М. Т. Омаровқа

«СК-Фармация» ЖШС қызметі, «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалдарына бірнеше мәрте себеп болған болатын. Фракция, дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауы, ұзақ мерзімді шарттар жасасудағы мәселелер, отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға қолжетімдігі, дәрі-дәрмек жеткізілімдеріндегі іркілістер, сондай-ақ мемлекеттік аудит барысында анықталған көптеген бұзушылықтар сияқты мәселелерді жүйелі түрде көтеріп, оларды шұғыл шешуді талап етіп келеді.

Алайда, фармацевтика саласындағы кәсіпкерлерден келіп түсіп жатқан шағымдардың әлі де жалғасуы, бұл мәселелердің толық шешілмегенін көрсетеді. Бұдан бөлек, қазір мәселе жекелеген сатып алуларға ғана емес, сатып алу қағидаларын қолдану тәжірибесіне де қатысты жаңа сұрақтар туындап отыр.

Мәселен, Партияға «DOLCE» ЖШС жүгініп, төмендегі проблемалық мәселелерге назар аударды.

Біріншіден, отандық өндірушілер «СК-Фармацияның» отандық тауар өндіруші мәртебесін растауға қатысты талаптарды әртүрлі қолданатынын айтып отыр.

Егер, кейбір қатысушылардан бұл мәртебені растау міндетті түрде талап етілсе, ал «басқа» қатысушыларға қатысты дәл осындай талаптар мүлде қойылмайды немесе постфактум ғана қойылады.

Сатып алу қағидалары барлығына бірдей болуы тиіс. Қатысушыларды алдымен сатып алу рәсіміне қатысуға жіберіп, кейін нақты жеткізушіге немесе тауарға қарай қойылатын талаптарды іс жүзінде өзгертуге болмайды. «СК-Фармация» өз тәжірибесі бойынша жаңа талаптар белгілей алмайды, әсіресе оларды таңдамалы түрде қолдануға жол берілмеуі тиіс.

Бұл мәселенің өзектілігін Денсаулық сақтау министрлігінің өзі 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу барысында анықтаған ұқсас тәуекел де көрсетеді. Соған қарамастан, мысалы, Министрліктің ресми дистрибьютор мәртебесін растайтын құжаттар сатып алуға қатысу үшін міндетті емес деген ұстанымына қарамастан, «СК-Фармацияның» үлгілік шартында мұндай құжаттарды төлем жасау сатысында ұсыну талабы әлі де сақталып отыр.

Екіншіден, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген өнім берушілердің «СК-Фармацияның» сатып алуларына қатысу мәселесі. №110 Қағидаларда мұндай өнім берушілердің сатып алуға қатысуына тікелей тыйым салынбаған. Бұл ретте бюджет қаражаты мен МӘМС жүйесінің қаражаты жұмсалатынын ескере отырып, осы мәселе бойынша құқықтық тәртіпті нақты түсіндіру қажет.

Егер қолданыстағы заңнама мұндай жағдайға жол берсе, бұл – дереу жоюды талап ететін елеулі құқықтық олқылық.

Үшіншіден, 2027 жылға медициналық бұйымдарды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу мәселесі аса маңызды сұрақтар туындатады. Аталған сатып алу 2026 жылғы 26 маусымда жарияланып, 223 лоттан тұрған. Дәл осы сатып алуға қатысты отандық өндірушілер талаптардың тең әрі ашық қолданылмай отырғанының белгілері бар екенін айтып отыр.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, жекелеген тауарларға Қазақстандық өндіруші мәртебесін растау жөніндегі талаптар біркелкі қолданылмайды. Қолданыстағы тәртіп мәліметтері мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімдерінде қамтылған субъектілердің де сатып алуларға қатысуына мүмкіндік береді.

Нәтижесінде, өндіріске, жұмыс орындарын құруға және өзінің өндірістік базасын дамытуға инвестиция салған отандық өндіруші ел экономикасы алдында осындай міндеттемелер алмайтын қатысушылармен салыстырғанда неғұрлым қолайсыз жағдайға тап болады.

Бұл мемлекеттік саясаттың отандық өндірісті қолдау және өндірісті жергіліктендіру жөніндегі негізгі қағидаттарына қайшы келеді.

Төртіншіден, кәсіпкерлердің «СК-Фармацияның» әрекеттеріне қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне немесе Бас прокуратураға жолдаған шағымдарының оларда көрсетілген шағым нысанының өзіне, яғни «СК-Фармацияға», қарау және жауап дайындау үшін жолдау тәжірибесі ерекше алаңдаушылық туғызады.

«Ақ жол» фракциясы мұндай өтініштерді формалды түрде қарау тәжірибесін тоқтату қажет деп санайды. Мұнда ведомстволар арасындағы хат алмасу емес, объективті тексеру жүргізу, нақты мән-жайларды анықтау және заң бұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту қажет. Егер мемлекет бизнестен белгіленген қағидаларды сақтауды талап етсе, онда ең алдымен сол талаптарды өзі сақтауға міндетті.

 

Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы:

1. «СК-Фармация» ЖШС отандық тауар өндіруші мәртебесін растауға қойылатын талаптарды біркелкі қолдануын қамтамасыз етуді;

2. «СК-Фармацияның» сатып алуларына мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген субъектілердің қатысу мәселесіне құқықтық баға беруді;

3. 2027 жылға медициналық бұйымдарды сатып алудың заңдылығын тексеруді және заң бұзушылықтар анықталған жағдайда заңда көзделген шараларды, оның ішінде сатып алу нәтижелерінің күшін жоюға және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуға дейінгі шараларды қабылдауды;

4. Жеке және заңды тұлғалардың әрекеттеріне немесе шешімдеріне шағым жасалып отырған органдар мен ұйымдардың өздеріне осы өтініштерді қарау үшін қайта жолдау тәжірибесіне жол бермеуді керек деп есептейді.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

А. Қожахметов

Д. Еспаева

О. Нұралдинов

М. Шынасилова

Е. Юсупов

Д. Ахметжаев

Б. Бибаев

Ю. Ли