30
Қыркүйек

30.09.2026

ШОБ субъектілеріне бақылау-қадағалау жүктемесін азайту жөнінде

Премьер-министрдің орынбасары

Ұлттық экономика министрі

С. М. Жұманғаринге

 

«Ақ жол» демократиялық партиясы кәсіпкерлікті дамытуды, адал бәсекелестікті және бизнеске деген әкімшілік қысымды азайтуды тұрақты түрде қолдап келеді.

Бүгінде, бизнес жаңа салық ережелеріне, мемлекеттік жүйелерді цифрландырылуына және реттеушілік өзгерістерге бір мезгілде бейімделуде. Бұл дегеніміз, бухгалтерлік есепті, бизнес-процестерді, сонымен қатар қаржылық жоспарлауды қайта құруға байланысты қосымша шығындарды талап етеді.

Шағын және орта бизнес, қосымша жұмыс орындарын құрып және салық базасын қалыптастырып көптеген азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Шындап келгенде, кәсіпкерлер мемлекеттің «көмегі» мен «қамқорлығын» қажет етпейді. Оларға тек, бітпейтін тексерістер мен әкімшілік қысымнан қорықпай жұмыс істейтіндей мүмкіншілік берілуі керек. Сонымен қатар, мемлекеттік бақылау қауіп-қатерге негізделген сипатта болуы тиіс. Кәсіпкерлік кодексінің өзінде, бақылау шаралары тек заң бұзушылыққа қарсы бағытталып, Заңға бағынып жұмыс істейтін кәсіпорындарға ынталандыру қағидаттары бекітілген.

Тексеріс пен бақылауға келгенде, кішігірім кәсіпкер мен экономикаға үлкен ықпалы бар ірі компанияны бір қатарға қоюға болмайды. Мемлекеттік тексерістер мен бақылау жұмыстары қауіп деңгейіне сай болуы керек. Шағын және орта бизнесті мазалай бермей, бар күш пен уақыттарын елге шынымен де үлкен зиян келтіруі мүмкін дейтін ірі нысандарды бақылауға жұмсалуы керек.

Осындай тәсілмен ғана адал кәсіпкерлерді артық қысымнан қорғап, Мемлекеттік қадағалауды, көзге көрінерлік бұзушылықтардың алдын алудың нақты құралына айналдыруға болады.

Президент Тоқаев, 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында, мемлекеттік органдардың бизнеске қатысты ескертпе жұмыстардың орнына тым қатаң әкімшілік шараларды қолдануды жалғастырып отырғанын ашық айтып, «Міндетті талаптар тізілімі, бизнесті артық тексерулерден қорғаудың маңызды құралына айналуы тиіс» деп, атап өткен болатын.

 

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы мынадай ұсыныстар жасайды:

1. Шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерін тексеруге 1–2 жыл мерзіміне мораторий енгізу. Әрине, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға, апаттарға, төтенше жағдайларға және заңда арнайы көзделген өзге де жағдайларға байланысты тексерулерді қоспағанда.

2. Қайталанатын, артық және негізсіз рәсімдерді болдырмау мақсатында ШОБ-қа қатысты реттеушілік талаптарды жан-жақты қайта қарастыру. Сонымен қатар бақылау шараларының барынша көп бөлігін кәсіпкерге баруды қажет етпейтін цифрлық және алдын алу сипатындағы форматқа көшіру.

3. Қадағалау ресурстарын бөлу жүйесін қайта қарап, негізгі назарды бұзушылық салдары өте ауыр болуы мүмкін ірі бизнеске, монополияларға және қауіп-қатері көп болатын кәсіпорындарға аударуды қамтамасыз ету.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Е. Юсупов

Д. Еспаева

О. Нұралдинов

А. Қожахметов

М. Шынасилова

Д. Ахметжаев

Ю. Ли

Б. Бибаев