ҚР Бас прокуроры
Б.Н.Асыловқа
ҚР Ақпарат және
мәдениет министрі
А.О.
Қырықбаевқа
Қазақстанда отандық масс-медианың интернет
ресурстарында өзін инвестициялық брокер ретінде таныстырып, ҚНРДА лицензиясы
немесе АХҚО рұқсаты болмаса да азаматтарға өз қаржысын инвестициялауды ұсынатын
шетелдік интернет жобалардың жарнамалануы жүйелі сипат алып отыр. Мұндай
материалдар тек әлеуметтік желілерде ғана емес, жергілікті және салалық
басылымдардың сайттарында да «пікір білдіру»,
«шолу»,
«сараптама»
ретінде жарияланып, соның нәтижесінде халықтың тәуелсіз журналистік ақпарат
туралы екіұдай көзқарасы қалыптасады.
«Ақ
жол»
ҚДП 2023-2026 жылдар аралығында жүргізген мониторингі нәтижесіне сәйкес,
қазақстандық 51 интернет ресурсында осындай 48 жоба туралы 168 мақала жарық
көрген. «Жарнама
туралы»
заңының талаптары өрескел бұзылған, себебі, бұл 48 жобаның ешқайсысы ҚНРДА
лицензиясы немесе АХҚО рұқсатына ие еместігі анықталды. Оған қоса, қаржы
нарығын мемлекеттік реттеу туралы заңнамаға сәйкес, қаржы нарығындағы кәсіби
қызметтерді тиісті лицензияларсыз жүзеге асыруға тыйым салынған. Алайда
жарияланған материалдарда лицензия, оның нөмірі, оны берген орган жөнінде ешбір
ақпарат жоқ.
Бұл жерде мәселе кейбір мақалалардың
талапқа сай еместігінен бөлек, заңмен белгіленген қаржылық реттеу аясынан тыс
қаржы қызметтерін көрсететін тұлғалар жөнінде жаппай материалдар жариялау
туралы болып отыр.
Әсіресе, Industrial Trading мәселесіне
ерекше көңіл бөлуге болады. Аталған ұйым ҚНРДА тарапынан адал емес қызмет
көрсетушілер тізіміне енгізіліп, қаржылық лицензиялау мен реттеу аясынан тыс
күйде қалған, ал, олармен қандай да бір қаржылық операциялар жасау азаматтардың
салған қаражатын жоғалтуына әкеп соғуы мүмкін.
Соған қарамастан, agroinfo.kz және
Oskemen.info сайттарында бұл туралы материалдар әлі тұр, мысалы, 2024 жылдың 26
сәуірінде жарияланған «Industrial Trading отзывы: брокер, которому точно можно
доверять» мақаласы.
Одан бөлек, ҚР ІІМ ведомстволық
сайтында «Industrial Trading» бренддің
пайдалануға қатысты қылмыстарды тергеу, тұрғындардың күмәнді схемаларға
тартылып, нәтижесінде мүліктік залал шеккені жөнінде ақпараттар бірнеше рет
жарияланған.
Осыған байланысты заңды сауал туындайды:
қазірдің өзінде қаржы реттеушісі мен құқық қорғау органдарының назарында тұрған
мекеме жөніндегі материалдар не себепті қазақстандық интернет ресурстар арқылы
әлі де жарнамаланып келеді?
2026 жылы бұл мәселе шешілмек түгілі,
керісінше, жаңа қарқын алып отыр.
2026 жылдың қаңтар-шілдесі аралығында
күмәнді қызмет белгілері бар төрт жоба туралы кемінде 19 жарияланым анықталды.
Атап айтқанда:
NTXPrime британдық NTXPRIME UK Limited
заңды тұлғасына сілтеме жасайды. Алайда аталған компания Ұлыбританияның заңды
тұлғалар тізілімінде де, британдық қаржы реттеушісі (FCA) тізілімінде де жоқ.
Қолда бар материалдарға сәйкес, аталған ұйым клиенттерінің төлемдері заңды
тұлғаның есепшотына емес, жеке тұлғалардың – дропперлердің банк карталарына
қабылдануы мүмкін.
GlobalReachout та қаражат тартудың осыған
ұқсас моделін пайдаланады.
Blu-Alliance өз кезегінде ALLIANCE
STRATEGIES LIMITED компаниясына сілтеме жасайды. Алайда, дәл осындай атаудағы
компания телекоммуникация және IT-консалтинг саласында жұмыс істейді. Ол FCA
тізілімінде жоқ, ал қаражат бұл жағдайда да жеке тұлғалардың банк карталарына
қабылданады.
JPM Analytics болса Freedom Finance Europe
Ltd. арқылы жұмыс істейтінін мәлімдейді. Алайда, Freedom Finance қолдау
қызметінің ақпаратына сәйкес, аталған жоба оның мақұлданған агенттері қатарында
жоқ.
«Жарнама туралы» заңға сәйкес, жарнама
беруші, жарнама жасаушы және жарнама таратушы – жарнамалық қатынастардың дербес
қатысушылары болып табылады. Демек, шетелдік жарнама берушінің болуының өзі ел
аумағында жарнаманы тарату кезінде заңнама талаптарының сақталуын тексермеуге
негіз бола алмайды.
Осыған байланысты уәкілетті органдар мен
БАҚ тарапынан тиісті әрі жедел шара қолданудың жоқтығы алаңдаушылық туғызады.
Іс жүзінде азаматқа алдымен тәуелсіз
журналистік материалға сырттай ұқсас жарияланым арқылы өз қаражатын белгісіз
инвестициялық жобаға сеніп тапсыру ұсынылады. Ал мемлекеттік органдар нақты
зиян келтіріліп, жәбірленушілерден арыздар түскеннен кейін ғана әрекет етеді.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, «Ақ
жол» ҚДП фракциясы келесіні сұрайды:
1. Аталмыш депутаттық сауалда көрсетілген
барлық фактілер бойынша кешенді тексеру жүргізуді.
2. Мұндай жарнаманы жедел анықтау және
жолын кесу мақсатында ҚНРДА, масс-медиа саласындағы уәкілетті орган мен құқық
қорғау органдарының тұрақты өзара іс-қимылын қамтамасыз етуді.
3. Жарнама берушілердің, жарнама
жасаушылардың және жарнама таратушылардың әрекеттеріне «Жарнама туралы» заң
және қаржы нарығын мемлекеттік реттеу саласындағы заңнама талаптарының сақталуы
тұрғысынан құқықтық баға беруді.
Көрсетілген фактілерді растайтын
материалдар депутаттық сауалға қоса беріледі.
Құрметпен,
«Ақ
жол» ҚДП фракциясының депутаттары
Ю.
Ли
Д.
Еспаева
О.
Нұралдинов
А.
Қожахметов
М.
Шынасилова
Е.
Юсупов
Д.
Ахметжаев
Б.
Бибаев