ҚР Ұлттық экономика
министрі
С. М. Жұманғаринге
«Ақ жол» Демократиялық партиясы кәсіпкерлікті дамыту, адал бәсекелестікті
қолдау және бизнестің өсуіне жағдай жасау ұстанымын дәйекті түрде қолдап келеді.
Алайда ірі бизнеске жатқызудың қолданыстағы өлшемшарттары бұл міндеттерге толық сәйкес келмейді.
Кәсіпкерлік кодекстің 24-бабының 6-тармағына сәйкес,
жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 250 адамнан асатын және (немесе) жылдық
орташа кірісі 3 миллион АЕК-тен жоғары кәсіпкерлік субъектілері ірі кәсіпкерлікке жатады.
Яғни кәсіпорында 250-ден астам адам жұмыс істесе, оның кірісі мен активтері ірі бизнес деңгейіне жетпесе де, ол ірі бизнеске жатқызылуы мүмкін.
Біз мұндай тәсілді негізсіз деп санаймыз. Себебі
жұмыскерлер саны бизнестің нақты экономикалық ауқымын көрсете бермейді.
Мысалы, еңбекті көп қажет ететін салада жұмыскерлер
саны көп болғанымен, кәсіпорынның кірісі мен активтері төмен болуы мүмкін. Ал
капиталды көп қажет ететін өндірісте, керісінше, жұмыскерлер саны аз болса да,
өндіріс көлемі жоғары болып, бюджетке көбірек салық түсіруі мүмкін.
«Сондықтан жаңа жұмыс орындарын ашу бизнеске қосымша талаптар қоюға негіз болмауы тиіс.
«Ақ жол» партиясы бұл мәселені бұған дейін де
көтерген. 2023 жылғы 30 қарашадағы депутаттық сауалда орта бизнестің жоғарғы
шегін 3 миллионнан 6 миллион АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылған.
Бүгін ірі
бизнесті анықтау тәртібін қайта қарауды ұсынамыз. Бизнестің ауқымы жұмыскерлер
санымен емес, нақты экономикалық көрсеткіштерімен анықталуы тиіс.
Сондықтан жұмыскерлер санын жеке көрсеткіш ретінде алып тастап, жиынтық жылдық кіріс пен активтердің құны негізгі көрсеткіш ретінде алынуы тиіс.
Бұл талаптарды жеңілдету немесе салықты азайту деген сөз емес. Мақсат – кәсіпорынның нақты көлемін дұрыс анықтап, оның өсуіне және жаңа жұмыс орындарын ашуына кедергі келтірмеу.
Осы орайда Мемлекет басшысының сөзімен айтқанда:
«Егер қолданыстағы құралдар тиімсіз болса, оларды
түзету керек. Түптеп келгенде, бұл қасиетті жазба емес».
Осыған байланысты:
Бірінші. Ірі бизнеске жатқызғанда жұмыскерлер санын жеке көрсеткіш ретінде алып тастауды;
Екінші. Ірі бизнесті жиынтық жылдық кірісі мен активтерінің құнына қарай анықтап, оның нақты шегін белгілеуді;
Үшінші. Тек жұмыскерлер санына байланысты ірі бизнеске жатқызылған, бірақ кірісі мен активтері ірі бизнес деңгейіне жетпейтін кәсіпорындардың санын анықтап, оларды орта бизнес санатына ауыстырудың қандай нәтиже беретінін бағалауды;
Осы талдаудың
нәтижесі бойынша Кәсіпкерлік кодекстің 24-бабына тиісті өзгерістер енгізуді
ұсынамыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
Д. Ахметжаев
Д. Еспаева
О. Нұралдинов
А. Қожахметов
М. Шынасилова
Е. Юсупов
Б. Бибаев
Ю. Ли