16
Қантар

«Ақ жол» белсенді Достияровтың баласымен бірге тұтқындалуына құқықтық баға беруді талап етті

https://qazaquni.kz/news/161171-aq-zol-belsendi-dostiyarovtyn-balasymen-birge-tutqyndaluyna-quqyqtyq-baga-berudi-talap-etti

Қазіргі уақытта 2023 жылғы 5 қаңтарда, белсенді азамат Абзал Достияровты 4 жасар қызымен бірге тұтқындаған Алматы қаласы полиция қызметкерлерінің әрекеті БАҚ пен әлеуметтік желілерде қызу талқылануда.

Бұл туралы әлеуметтік желіде белгілі қоғам белсенділері жазып, аталмыш мәселеге алғашқы болып «Ақ жол» депутаттары үн қатты. 

Аталған дерек бойынша «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен фракция мүшесі, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне депутаттық сауал жолдады. 

«Қазақ үні» ақпарат агенттігі сауалдың мәтінін оқырманға ұсынады: 

- Интернетте жарияланған бейнетаспаға сәйкес, белсендіні баласымен бірге балабақшаға бара жатқанда оған полиция қызметкерлері шабуыл жасап, үйінің лифтінде ұстаған.

Баланың анасының айтуынша, оның жұбайы полицейлерді қызды үйіне апарып тастауға көндіруге тырысқанына қарамастан, олар рұқсат беруден бас тартып, баласымен бірге полиция бөліміне жеткізілген, онда қыз бір жарым сағаттан астам уақыт өткізген. Бұл оқиғадан кейін кішкентай бала нағыз күйзеліске ұшырап, нәтижесінде сыртқа шығудан қорқатын болды. 

Жұртшылық пен құқық қорғаушылар, баланың құқықтарын өрескел бұзған және оның денсаулығына қауіп төндірген полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне қатты ашулануда.

Айта кету керек, А.Достияров қағидатсыз ұсталғанына қарамастан, бүгінгі күнге дейін қандай да бір айып тағылған жоқ, ал Алматы қаласы полиция департаменті тарапынан болған оқиғаның қандай да бір түсіндірмелері мен негіздемелері ұсынылмаған. 

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы, белсенді азамат Абзал Достияров пен оның жас қызын ұстаудың заңдылығына тексеру жүргізуді, Алматы қаласы полиция департаменті қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне құқықтық баға беруді, оның нәтижелері бойынша тиісті әрекет шараларын қабылдауды сұрайды, делінген сауалда.