26
Маусым

«Ақ жол» демократиялық партиясы 2023 жылғы «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы – 12» Жалпыұлттық дәстүрлі байқауын жариялайды

«XXI ҒАСЫРДАҒЫ АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫ

Байқаудың басты мақсаты – Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық ұстанымын   және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттау.

Байқауға қатысу үшін Алаш қозғалысын зерттеумен айналысып жүрген 18-35 жас аралығындағы Қазақстан және шетел азаматтары өздерінің жеке жұмыстарын (эссе, мақала) ұсына алады.

Байқау жұмыстары қазақ және орыс тілдерінде қабылданады.

Байқау келесі төрт номинация бойынша өткізіледі:

1. Алаштың әлеуметтік-саяси идеясы және оның қазіргі Қазақстандағы сабақтастығы.

Тақырыптық бағыттар:

- Алаш қозғалысының мұраты: ұлттық даралық пен мемлекеттілік идеясы;

- Конституциялық реформа және саяси трансформация;

- Демократияны жетілдіру және парламентаризмді күшейту;

Парламенттік Республика идеясы;

- Мемлекеттік аппараттың жұмысын бюрократиясыздандыру;

- Мемлекетшіл сана және ұлттың жаңа болмысы;

- Алаш конституциясының тұжырымдамасы. 

2. Алаштың рухани-ағартушылық қызметі және ұлттың оянуы.

Тақырыптық бағыттар:

- Алаш зиялыларының педагогикалық қызметі;

- Алаш кезеңіндегі ұлттық әдебиет сипаты;

- Алаш ағартушыларының ғылыми қызметі;

- Ұлттық журналистиканың қалыптасуы және Алаш ағартушыларының қызметі;

- Алаш ағартушыларының білім, мәдениет нысандарын қалыптастырудағы рөлі.

3. Алаш қайраткерлерінің экономикалық көзқарасы және кәсіпкерлікті дамыту.

Тақырыптық бағыттар:

- Нарықтық реформалар және экономикадағы монополиямен күрес;

- Кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі, оны қорғау мен қолдау;

- Әлеуметтік теңсіздік мәселесі, бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту – кедейшілікпен күресудің басты тетігі;

- Алаш қозғалысын қолдаудағы байлар мен меценаттар ролі;

- Кәсіпкер тұлғасының қалыптасуы (ойлау жүйесі, рухани келбеті, уақыт пен қаржыны меңгеру, инвестиция салу, т.б.).

 4. Алаш тарихының «актаңдақтары».

Тақырыптық бағыттар:

- Алаш қозғалысы туралы тың деректер, құжаттар, естеліктер;

- Алаштың беймәлім есімдері;

- Алаш қайраткерлерінің зерттелмеген еңбектері;

- Алаш идеясы және Кеңес үкіметі орнау кезеңдегі беймәлім оқиғалар, көтерілістер.

Байқау  үш кезеңнен тұрады

1-кезеңде  Байқауға келіп түскен жұмыстарға қазылар алқасы сараптама жасап, іріктеуден өткізеді. Әр номинация бойынша үздік 10 (барлығы – 40) жұмыс екінші кезеңге жіберіледі.

2-кезеңде  үздік 40 жұмыстың авторлары тақырыбы бойынша баяндама жасап, өз номинациясындағы қарсылас үміткерлермен бетпе-бет пікірталасқа түседі. Сұрақ-жауап және талқылау түрінде болатын бұл кезең  «Ақ жол» ҚДП белгілеген қалада өткізіліп, әр номинциядан үздік үш (барлығы 12) қатысушы ақтық сынға жолдама алады. 

3-кезең Алашорда үкіметінің құрылған күні қарсаңында, желтоқсан айында Астана қаласында өткізіледі. Байқаудың ақтық сынына қатысушылар өз жұмыстарын қорғап, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

Байқау шарттары:

1. Жұмыс бір адамның (жеке үміткердің) атынан  және өзі көрсеткен номинация бойынша ұсынылады;

2. «Ақ жол» партиясының Алаш идеяларын одан әрі дамыту  жолындағы қызметін өз мазмұнында тақырыпқа сәйкес қамтыған жұмыстар оң тұрғыда ескеріледі; 

3. Плагиатқа (басқа авторлардың дайын жұмыстарын көшіріп ұсынуға) жол берілмейді;

4. Шығарма бастақырыбының оның мазмұнына сәйкес келгені және тапқыр да жинақы қойылғаны мақұлданады (номинациялардың және тақырыптық бағыттардың аттарын сол күйінше қайталамаған жөн);

5. Жұмыста сілтеме жасалған дереккөздер дәл, нақты және шынайы болуы қажет;

6. Мерзімінен кеш жолданған жұмыстар қабылданбайды.

7. Жеңімпаздар келесі байқауға араға бір жыл салып қайтадан қатыса алады. Мысалы, биылғы, 2023 жылғы байқауға 2022 жылдың жеңімпаздары жіберілмейді, ал 2021 жылдың және одан бұрынғы мезгілдің  байқау жеңімпаздары қатысуға құқылы.

Мақаланы (эссені) рәсімдеу талаптары:

Мәтін 14 өлшемді Times New Roman қарпімен теріледі; жоларалық интервал – 1; абзац шегінісі – 1,25 см; беттің оң жағынан – 3 см, үстіңгі және астыңғы жағынан –  2 см, сол жағынан 1,5 см кеңістік қалдырылады.

Қатысушы өтінішінің үлгісі:

Толық аты-жөні

 

Туған күні, айы, жылы

 

Тұрғылықты мекенжайы

 

Қызмет (оқу) орны

 

Ғылыми дәрежесі (бар болса)

 

Ұялы телефон нөмірі

 

Электронды поштасы

 

Номинациясы

 

Мақала (эссе) тақырыбы

 


Мақаланың (эссенің) көлемі 10 беттен аспауы тиіс.

Талапқа сай безендірілмеген жұмыстар қарастырылмайды.  

Байқауға ұсынылатын жұмыстар  2023 жылдың 15 қазанына дейін қабылданады.

Байқаудың жүлде қоры келесі тәртіп бойынша бөлінеді:

2-кезеңге жолдама алған үміткерлердің әрқайсысына (ақтық сынға өтетін 9 қатысушыдан басқасына) 50 000 (елу мың) теңгеден қаржылай сыйлық беріледі.

Ақтық сайыс қорытындысы бойынша номинацияның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін қаржылай сыйлық көлемі:

Бірінші орын – 500 000 (бес жүз мың) теңге;

Екінші орын – 300 000 (үш жүз мың) теңге;

Үшінші орын – 200 000 (екі жүз мың) теңге.

Жеңімпаздар  мен жүлдегерлерге Жалпыұлттық «Алаштың Ақ жолы байқауының лауреаты» төсбелгісі табысталады. 

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің мақалалары жеке жинақ түрінде жарық көреді.

Байқаудың 2 және 3-кезеңдеріне қатысушылардың іссапар және жатын орын шығындары «Ақ жол» ҚДП  тарапынан төленеді.

Байқау жұмыстары «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» белгісімен «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы Орталық аппаратының мекен-жайына (Астана қаласы, Сарайшық, 11, «Ақ жол» ҚДП кеңсесіне) немесе alash_akzhol@mail.ru, akzholpress@mail.ru электрондық поштасына жолданады.