23
Маусым

«Ақ жол» демократиялық партиясы белгілі спорт комментаторы Аманкелді Сейітханды еске түсіруге арналған дәстүрлі бильярд турнирін өткізді

23 маусым 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Кеше «Ақ жол» демократиялық партиясы алаштың аяулы азаматы, белгілі спорт комментаторы Аманкелді Сейітханды еске түсіруге арналған дәстүрлі бильярд турнирін өткізді. 


Шараға партия беделді журналист, партияның Ұлттық кеңесінің хатшысы Арман Сқабылұлы, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли, белгілі журналистер Қайнар Олжай, Дана Нұржігіт, Жайна Сламбек пен Аманкелді Сейітханның ұлы Бегасыл Сейітхан қатысты.

Турнирде ақпарат, мәдениет, әдебиет саласының майталмандарынан құралған он үш команда (әр команда да 3 ойыншы) бақ сынады. Жалпы саны 40 шақты ойыншы өте тартысты жарыс көрсетті.


Жарысқа Аманкелді Сейітханның ұстазы, ҚР жоғары Ұлттық дәрежедегі төреші Несіп Жүнісбайұлы төрелік етті.  

Нәтижесінде «Спорт» газетінің журналистері жүлделі үшінші орынға ие болды. Екінші орын «Ұлттық арна» командасына бұйырды. Ал, бас жүлдені астаналық қаламгерлер командасы қанжығасына байлап, жарыстың жеңімпазы атанды. 

Турнирге қатысушылар Аманкелді Сейітханды талантты журналист қана емес, оның өзін нағыз азамат ретінде көрсеткен көптеген істері мен  оқиғалары туралы естеліктер айтып жиналған жұртшылықты тебірентті. Еске алу кезінде Аманкелді Сейітханның жарқын көңілі мен тапқырлығына қатысты жағымды әңгімелер айтылды.

Жарыстың ортасында "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев қатысушыларды алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, қонақтарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.