29
Сәуір

«Ақ жол» демократиялық партиясы Бундестаг делегациясымен және Германияның ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді

https://t.me/peruash/15844

Кеше «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық кеңсесінде парламенттік фракциямыздың депутаттары Германиядан келген өкілді делегацияны қабылдады. Неміс қонақтарының қатарында:

 ⁃ Dr Saskia Ludwig, (д-р Саския Людвиг) – Германия Федеративтік Республикасының Бундестаг (парламент) депутаты;

 ⁃ Dr Ute Bergner (д-р Уте Бергнер) – технологиялар мен жаңа материалдар саласындағы ірі инвестор;

 ⁃ Ferdinand Fiedler (Фердинанд Фидлер) - табиғи ресурстар өндіру саласының инвесторы;

 ⁃ Friedjof Rachel (Фридиоф Рахель) – су үнемдеу технологиялары мен су тазарту жүйелері саласының инвесторы;

 ⁃ Andreas Steinborn (Андреас Штайнборн) – Delcreda GmbH Mainz бас директоры (валюталық несиелер мен жүк тасымалын сақтандыру);

 ⁃ Alexander Ehrlich (Александр Эрлих) – City Tours Europe GmbH бас директоры, туризм саласының инвесторы;

 ⁃ Matthias Meyer (Маттиас Майер) – Supracon AG бас директоры, тау-кен саласына арналған технологиялар мен жабдықтар өндіруші;

 ⁃ Henric Krueger (Хенрик Крюгер), Texoga компаниясы мен Juergen Fiebig (Юрген Фибиг) -  машина жасау;

 ⁃ Dr. Ulrike Voss (Д-р Ульрике Фосс) – Hereus компаниясының вице-президенті, электроника және метрология;

 ⁃ Prinz Fridrich III von Hohenstaufen (Принц Фридрих III фон Хоэнштауфен) – Taifun Group (Swiss) and Scorpion Corporation (Greek).

Сапарды «Ақ жол» демпартиясының өнеркәсіп құрылымдарымен өзара іс-қимылдағы көп жылдан бергі серіктесі Ұлттық индустриялық палата (Болат Өтепбаев) ұйымдастырды.

Кездесу барысында қонақтар қазақстандық бизнеспен ынтымақтастық орнату, пайдалы қазбаларды өндіруден бастап қаржы секторы, ауыл шаруашылығы және Еуропадан Қазақстанға туристік бағыт қалыптастыруға дейінгі түрлі салаларда бірлескен жобалар құру мүмкіндіктеріне ерекше қызығушылық танытты.

Неміс әріптестері Қазақстандағы машина жасау саласының жетістіктерін, соның ішінде автокөлік өндірісі мен әлемдік көшбасшыларды (John Deere, Claas) ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге тарту бағытындағы жұмыстарды жоғары бағалады.

Бундестаг депутаты доктор Саския Людвиг Жаңа Конституцияның қабылдануы экономика мен бизнеске қандай мүмкіндіктер ашатынын, жер қойнауын пайдалану мен энергетика салаларында «жасыл экономика» қағидаттарына қаншалықты мән берілетінін сұрады. Сондай-ақ атом энергетикасы мен 2024 жылы осы мәселе бойынша өткен референдум тақырыбы ерекше қызығушылық тудырып, Қазақстан қанша атом электр станциясын және қандай серіктестермен бірлесіп салуды жоспарлап отырғаны талқыланды.

«Таза көмір» энергиясын пайдалану жөніндегі ұстанымымызға байланысты қонақтар көмірді газдандыру және көмір дизель отынын өндіру мәселелерін де қозғады.

Өңірдегі су ресурстары тапшылығы және ауыл шаруашылығы мен қалалық инфрақұрылымға су үнемдеу технологияларын енгізу қажеттілігі де жеке талқыланды.

Доктор Уте Бергнер өнеркәсіпке инновациялар мен жасанды интеллект енгізу, әртараптандыру және кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру мәселелеріне назар аударып, көмірқышқыл газын айналымды экономика аясында қосымша шикізат көзі ретінде пайдалану перспективаларына қызығушылық білдірді.

Supracon AG бас директоры Маттиас Майер қазақстандық тау-кен және металлургия кәсіпорындарымен ынтымақтастық орнатуға және салаға озық технологияларды енгізуге мүдделі екенін жеткізді.

Delcreda GmbH Mainz компаниясының бас директоры Андреас Штайнборн (несиелік және көлік тәуекелдерін хеджирлеу) Қазақстаннан серіктестер тауып, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты. Сонымен қатар корпоративтік есептіліктің, контрагенттердің сенімділігін бағалау тетіктерінің ашықтығы және халықаралық ынтымақтастыққа қолайлы орта қалыптастыру мәселелері сөз болды.

Делегация жетекшісі кездесуді ұйымдастырғаны үшін «Ақ жол» демпартиясына алғыс айтып, Германия тарапының өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Ол әсіресе энергетика саласы мен экологиялық тұрақты технологияларды дамыту мәселелеріне тоқталды.

Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Дания Еспаева Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда институционалдық реформалар жүргізіліп жатқанын, заңнама жетілдіріліп, инвесторларды қорғау бойынша жүйелі шаралар қабылданғанын айтты. Соның ішінде инвесторларға қатысты мемлекеттік органдар әрекеттеріне «прокурорлық сүзгі» тетігінің енгізілгенін атап өтті.

Қонақтардың сұрағына жауап бере отырып, ол корпоративтік есептілікті жария ету мәселелері қолданыстағы заңнамамен реттелетінін және Еуропа елдеріндегі секілді кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанына байланысты екенін айтты.

Депутат Ерлан Барлыбаев неміс қонақтарына жоспарланған ұжымдық кездесулерден бөлек, қазақстандық бизнеспен жеке келіссөздер ұйымдастыруды ұсынды. Делегация мүшелері апта соңына дейін Қазақстанда жұмыс істейді: олардың бір бөлігі Қарағанды облысына жол тартса, енді бір бөлігі «Атамекен» ҰКП, «Астана» АЭА, Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті және басқа құрылымдарда кездесулерін жалғастырады.

Сондай-ақ «Ақ жол» демпартиясы мен Германияның ХДС/ХСС арасындағы бұрыннан бері жалғасып келе жатқан партияаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қозғалды. Бундестагтың ХДС/ХСС атынан жас депутаттары «Ақ жол» демпартиясының Жастар ұйымдары форумына қатысқан болатын, ал Ұлттық кеңес хатшысы, Мәжілістің VI–VII шақырылымдағы депутаты Берік Дүйсембинов германиялық серіктестеріміздің сайлауалды съезінің жұмысына қатысқан еді.

Алдағы уақытта да тұрақты байланыста болуға келістік.

Пікіралмасу толықтай қазақ-неміс тілдерде өткенін ерекше айтқым келеді.