12 маусым 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының басапсөз қызметі
Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық кеңсесінде апта сайын өтетін фракция отырысы Абай облысында орман өртінен қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.
Фракция отырысына «Ақ жол» демпартиясының басшылығы, парламенттік фракция және жергілікті маслихат депутаттары, партияның өңірдегі филиал өкілдері қатысты.
Жиында Мәжілістің кезекті жалпы отырысында қаралатын заң жобалары мен «Ақ жол» фракциясы депутаттары жариялатын депутаттық сауалдардың жобалары таныстырылды.
Сәрсенбі күні Мәжілістің жалпы отырысында мынадай мәселелер қаралады.
1. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде;
2. «2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы төртінші хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде;
3. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде (бірінші оқылым);
4. «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде (екінші оқылым);
5. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде (екінші оқылым);
6. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысына ұсынылатын күн тәртібі туралы;
Аталған заң жобаларына фракция мүшелері өз көзқарастарын білдірді. Сонымен бірге Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясы жариялайтын депутаттық сауалдардың жобалары талқыланды.