01
Тамыз

«Ақ жол» демократиялық партиясының Абай облыстық филиалының мүшелері «Abai akademiasy» энциклопедиялық порталының тұсаукесеріне қатысты

1 тамыз 2025 жыл, Абай облыстық филиалы

Абай облысында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік аясында ауқымды мәдени іс-шаралар бастау алды. Соның бірі ретінде Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында өткен «Abai akademiasy» энциклопедиялық порталының таныстырылымы болды.

Аталған тұсаукесерге облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдармен қатар, «Ақ жол» демократиялық партиясының Абай облыстық филиалының мүшелері де қатысты.

«Abai akademiasy» жобасының жетекшісі Айжан Төбараққызы порталдың мазмұны мен құрылымын таныстырып, оның ғылыми және тәрбиелік маңызын атап өтті.

Портал — Абай мұрасын кеңінен танытатын, әдеби, ғылыми, публицистикалық және эпистолярлық еңбектерін текстологиялық негізде ұсынатын цифрлық энциклопедия. Материалдар Абай институттары, архивтер мен мұрағаттардан алынған. Сонымен қатар теле-радио жазбалар, деректі фильмдер де жинақталған.