1 тамыз 2025 жыл, Абай облыстық филиалы
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік аясында Семей
қаласындағы Бейбітшілік аралында этноауыл ашылды. Бұл – қазақ халқының
тарихи-мәдени мұрасын ұлықтауға бағытталған ірі мәдени іс-шаралардың бірі.
«Ақ жол» демократиялық партиясының Абай облыстық филиалының мүшелері
аталған этноауылдың ашылуына қатысып қана қоймай, оның ұйымдастырылуына
белсенді түрде атсалысты. Партия жастары мен мүшелері киіз үйлерді орналастыру,
көрме аймақтарын дайындау және қонақтарды қарсы алу сынды жұмыстарға қолдау
білдірді.
Этноауыл аумағында 10-нан астам киіз үй тігіліп, әр үйде қазақ халқының
салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын дәріптейтін көріністер ұсынылуда. Үш
алтыбақан маңында келушілер ұлттық ойындар ойнап, көңіл көтерсе, дастарханнан
қазақтың дәмді тағамдарынан ауыз тиіп, ұлттық музыкалық және би өнерлерінен
шабыт ала алады.
Он күн бойы этноауылда жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік
бағдарламалар мен театрландырылған қойылымдар өтеді. Қазақ әндері шырқалып,
күйлер күмбірлеп, ұлттық билер сахналанады. Сонымен қатар, этноауыл өзге
этностардың мәдениеті мен тұрмыс-салтын да таныстыратын алаңға айналды.
Бұл бастама – ел бірлігі мен ұлт мәдениетіне деген құрметтің жарқын
көрінісі ретінде есте қалмақ.


