07
Қантар

«Ақ жол» Демократиялық партиясының басшылығы Қарағанды облысындағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысымен танысты

https://t.me/peruash/14768

Кеше «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы, партия Тексеру комиссиясының төрағасы Болат Өтепбаевпен және «Ақ жол» Демпартиясы Қарағанды филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ермек Әбілдинмен бірге бірқатар кәсіпорындарды аралап, кездесулер өткізді.

Атап айтқанда, «WEC Trade» ЖШС-де (тұрмыстық химия мен жуғыш заттар өндіретін) бас директор Вячеслав Цой өндіріс процесімен, шығарылатын өнім түрлерімен таныстырып, кәсіпорын мен саланың дамуындағы өзекті мәселелер туралы баяндады. 2025 жылдың соңында «WEC Trade» ЖШС «Қазақстанның үздік тауары - 2025» Ұлттық көрмесінде «Халыққа арналған үздік тауар» атағына ие болды. Компанияның технологтары (Қарағанды жоғары оқу орындарының жастары) белгілі италиялық мамандармен табысты ынтымақтастық орнатып, авторлық рецептуралар әзірлеуде, сондай-ақ, Procter & Gamble, Henkel және басқа да халықаралық көшбасшылармен ішкі нарықта бәсекелес болуды мақсат етіп отыр.

Сонымен қатар, кәсіпорын бірқатар жүйелі кедергілерге тап болып отыр, олар мыналарға қатысты:

- Техникалық реттеу мәселелері: ресейлік тұрмыстық химия өнімдері Қазақстан нарығына кіріп, «Өндіруші декларациясы» аясында айналымға енуде, ал отандық өндірушілер Сәйкестік сертификаттарын ұсынуға міндетті. Бірінші жағдайда қауіпсіздік талаптары мен ГОСТ-тарға сәйкестік ресейлік компаниялардың өз «ар-ұятына» қалдырылып, олар үшін бір парақ қағазбен шектелсе, қазақстандық өндірушілер сертификат алу үшін зертханалық зерттеулерден өтіп, оларды сәйкестікті растау органдарында бекітуі қажет, бұл айтарлықтай шығынды талап етеді.

Вячеслав Цой сертификаттау жүйесі тұтынушыларды жалған және қауіпті тауарлардан жақсырақ қорғайтынын мойындай отырып, мемлекеттік органдарға Қазақстанның өз нарығында ресейлік бәсекелестерге де өндіруші декларациясын емес, сәйкестік сертификатын талап етуді ұсынады.

Техникалық реттеудегі тағы бір мәселе — ЕЭК алаңында тұрмыстық химия тауарларына арналған техникалық регламентті талқылау аясында ресейлік тараптың өз химиялық зертханаларының мүдделерін тереңдетілген химиялық зерттеулер талаптары арқылы лоббилеуі. Қазақстанда мұндай зертханалардың болмауына байланысты, бұл отандық өндірушілерді өз өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын тек Ресей Федерациясында растауға мәжбүрлейді, ал бұл рәсімдердің қымбаттауына және көрші елдің біздің нарықтағы жағдайға ықпал ету мүмкіндігіне әкеледі.

Вячеслав ішкі нарықты тарифтік емес қорғаудың бір жолы тек ЕЭК алаңында талқылаулар жүргізіп, Қазақстанның өз зертханалық базасын дамыту ғана емес, сондай-ақ мұндай өнімдерге арналған ұлттық стандарттардың талаптарын күшейтіп, мемлекеттің инвестициялық саясатын техникалық реттеу талаптарын арттырумен үйлестіруде деп біледі. Өте дұрыс әрі батыл көзқарас!

Құжаттар пакетін дайындауды сұрадым, бұл мәселелерді уәкілетті органдармен жеке талқылауға келістік.

Бизнесті алаңдататын келесі сын-қатер — инфляция. 2025 жылы жиынтық жылдық табыс 1 млрд теңгеден асты, алайда алынған таза пайда ресми инфляция деңгейін жаба алмады. Яғни, өндіріс көлемі жақсы өскеніне қарамастан, компания іс жүзінде шығынға жұмыс істеген. Бұл — нонсенс. 10%, тіпті 15% рентабельділік қол жетпес мақсатқа айналып отыр.

Ең басты ауыр мәселелердің бірі — ОТП тізілімін енгізу. Үкімет пен тізілім операторлары ҰКП алаңындағы кездесулерде берген уәделеріне қарамастан, жүйе жұмыс істемейді, әзірше деректерді жүктеу мен тіркеу мүмкін емес. Бұл — әлеуетті келісімшарттар мен табыстардың жоғалуына әкелуде.

В. Цой Салық кодексі, ОТП тізілімі бойынша және жалпы шағын және орта бизнесті қолдаудағы ұстанымымыз үшін «Ақ жол» Демпартиясына шынайы алғысын білдірді.

Содан кейін бір ай бұрын іске қосылған «Kaz UnionPlast» полиэтилен құбырлары зауыты» ЖШС мен «ЦСС-КАБЕЛЬ» ЖШС-нің жұмысымен таныстық. Кәсіпорын акционері Болат Жұмамбаев пен ТОО басшылары Бахтияр Абинов пен Бижігіт Қайыржан өндірісті ұйымдастыру барысы мен 2026 жылға арналған жоспарлар туралы айтып берді. Өндірілетін өнімге сұраныстың жоғары болуына байланысты, өндірісті кеңейту жоспарлары да бар.

Қызығы, бұл бизнес иелері бұрын сауда компаниясы болып, бірнеше жыл бойы Қазақстанға Ресей мен Қытайдың ұқсас өнімдерін жеткізіп келген. Алайда нарықты зерделей келе, өздері үшін жұмыс істеуді шешіп, өндірісті іске қосты.

Аталған компаниялардың да барлық қажетті құжаттар жиналғанымен ОТП тізілімінде тіркелу мәселесі әзірге толық шешілмеген. «Жүйе дұрыс жұмыс істемей тұр», – деп түсіндірді әріптестер, бірақ алаңдамай, жақын арада бәрі реттеледі деп есептейді. Партия төрағасы акционерлер мен директорларды өнім шығуымен құттықтап, бизнесте табыс тіледі.