18
Ақпан

«Ақ жол» демпартиясы «Алашқа тағзым» шеруін биыл өткізу туралы Астана әкімдігіне хат жолдады

18 ақпан 2023 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» демпартиясы биылғы жылдың 31 мамырында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған өзінің жыл сайынғы «Алашқа тағзым» шеруін өткізетіні туралы Астана қаласының әкімдігіне ресми хат жолдады (көшірмесі қосымшада). 


Еске сала кетейік, «Ақ жол» демпартиясы «Алашқа тағзым» шеруін 2015 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Бүгінгі күнге дейін әкімдіктер осы шеруді өткізуге қолдау көрсетпек түгілі, өтуіне рұқсат бермей келген. Тіпті, былтрығы жылы әкімдіктер қисынсыз сылтаулар айтып, полиция және ішкі істер департаментінің «бақылауды қамтамасыз ету» және шеру өткен жағдайда «қажетті шараларды қабылдау» туралы бұйрықтар мен қорқытулар келтірілген жауаптар қайтарған (https://t.me/peruash/6691). 

Атап өту керек, 2021 жылдың 12-желтоқсанында «Ақ жол» фракциясы Алаш Республикасының құрылған күні 12-желтоқсанды - «Алаш күні» деп ресми белгілеп, жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өту керектігі туралы ҚР Премьер-министріне депутаттық сауал жолдады (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/alash-respublikasn-rlan-kn-12-zheltosand-alash-kn-dep-resmi-belglep-zhl-sajn-memlekettk-degejde-atap-tu-kerek). 

Одан бөлек, Үкімет басшысының атына 2022 жылдың 29-маусымында фракция депутаттары «Алашқа тағзым» шеруін жалпыұлттық, мемлекеттік деңгейде өткізуді талап етіп депутаттық сауал жолдаған (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/a-zhol-alasha-tazm-sherun-zhalpltt-memlekettk-degejde-tkzud-talap-etemz). 

Ұзақ жылғы табанды күресінің нәтижесінде, 2022 жылы «Ақ жол» демпартиясы парламенттік фракциясының депутаттық сауалдарына жауабында Үкімет «Алашқа тағзым» шеруі мемлекеттік деңгейдегі маңызды іс-шара болып табылатынын мойындады (https://t.me/peruash/6690). Осыған байланысты биылғы жылы «алашқа тағзым» шеруіне ешқандай кедергі болмайды деп үміттенеміз.

Яғни, 2019 жылы «Ақ жол» лидері Азат Перуашев «Ерте ме, кеш пе билік бұл шеруді қолдайды және де оған қатысатынына еш күмәнім жоқ», - деген сөзі шындыққа айналды.

«Ақ жол» демпартиясы Астана қаласының әкімдігіне «Алашқа тағзым» шеруін өткізу туралы хаттаманы жібердік. Әкімдікке шерудің бірнеше маршрут бағыттарын ұсындық:


1) Маршруттың басталуы: «Сарыарқа» ауданы әкімдігінен, Абай көшесінің бойымен.

Маршруттың аяқталуы: Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш (Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында). Ұзындығы 1,5 км.

2) Маршруттың басталуы: Орталық саябақтан (Тұран даңғылы), Сарыарқа даңғылы бойындағы көпір арқылы Абай көшесіне өте отырып.

Маршруттың аяқталуы: Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш (Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында). Ұзындығы 3 км.

3) Маршруттың басталуы: ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығынан (Республика даңғылы, 2).

Маршруттың аяқталуы: Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш (Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында). Ұзындығы 2 км.

4) Маршруттың басталуы: Тәуелсіздік даңғылымен, Иван Панфилов көшесінің қиылысынан.

Маршруттың аяқталуы: Тәуелсіздік Сарайы («Бейбітшілік қабырғасы» монументі).Ұзындығы 2 км.

5) Маршруттың басталуы: А. Байтұрсынов көшесіндегі Б. Момышұлы саябағынан («Astana Music Hall» мейрамханасы).

Маршруттың аяқталуы: Тәуелсіздік Сарайы («Бейбітшілік қабырғасы» монументі). Ұзындығы 2 км.

6) Маршруттың басталуы: «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрынан, Қабанбай батыр даңғылы бойымен.

Маршруттың аяқталуы: Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері алаңы. Ұзындығы 2,5 км.

7) Маршруттың басталуы: «Авиценна-Элит» ТК алдындағы алаңнан (Сарайшық көшесі,11), Қабанбай батыр даңғылынан Сарайшық көшесіне өте отырып.

Маршруттың аяқталуы: Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері алаңы. Ұзындығы 3 км.

Егер Астана қаласының әкімдігі біз ұсынған маршрут бағыттарымен келіспесе, басқа да маршрутарды талқылауға дайын екендігімізді білдірдік. Яғни, шерудің нақты маршруты әлі бекітілмеген, біз бұл мәселені әкімдікпен қарастыруға дайынбыз. Әкімдіктің қай нұсқаны бекіткенін қосымша хабарлаймыз.

«Алашқа тағзым» шеруін өткізу жөніндегі ресми хаттарды партияның өңірдегі филиалдары да жергілікті әкімдіктерге жолдайтын болады.