Соңғы екі кеншіні іздеу нәтижесі туралы ресми хабарды күтіп едім. Бірақ, іздеу созылып, үміт те қалмаған сияқты.
Өзімнің және «Ақ жол» демпартиясының атынан қаза болған шахтерлердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз. 🙏🏼
Дегенмен, жер астында қалған кеншілердің аман-есен оралуына дұға жасаудамыз 🙏🏼🙏🏼🙏🏼
Президент Арселор Миттал тарапынан көмір өндірудің жауапсыз, адам өліміне әкелетін басқарылуына өз бағасын берді. Бұған алып қосарым жоқ, алайда, бұл азаматтарымыздың өміріне бей-жай қараған «инвесторлардың» ғана жауапсыздығы емес. Қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бақылау жүргізуі тиіс мемлекеттік органдардың да жауапсыздығы.
Қоғамдық келісім теориясында мемлекет көптеген функцияларды бәсекелес ортаға бере алады. Бірақ, қоғам мен билік арасындағы келісім негізі - адамдардың өмірі мен қызметіне қауіпсіздік шараларын жасау. Сондықтан, қауіпсіздік саласына жататын функциялар - аумақтық тұтастық пен конституциялық құрылымды сыртқы сын-тегеуріннен қорғау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, өрт, сейсмикалық не азаматтық қауіпсіздік (азаматтық қорғаныс), өндірістік қауіпсіздік, азық-түлік пен тауар қауіпсіздігі талаптарын бақылау болсын - бұл мемлекеттік функциялардың ажырамас бөлігі әрі мемлекеттің жауапкершілік аймағы болып табылады.
Қаза үстінде қаржы жасап отырған үнді инвесторларының ары қарайғы тағдыры шешілген.
Алайда, Арселор Митталға ғана қатысты емес, барлық өндірістік, азаматтық және тауар қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясат бойынша түйін түйіп, жаңа тәсілдер қарастыру керек. Ең алдымен, есеп беретін тұлғалардың қолдарының ұзындығына қарамастан, қауіпсіздік талаптары мен техникалық регламенттің сақталуының орындалуын толықтай мемлекет бақылауына қайтару бойынша.
Әйтпесе, біреудің немқұрайлылығы мен енді біреудің жауапсыздығын азаматтарымыздың өмірімен өтеп жүре береміз.