05
Маусым

"Ақ жол" демпартиясы үкіметтің 2023 жылдағы жұмысын қанағаттанарлықсыз деп танып, бюджеттің атқарылуы туралы Есепке қарсы дауыс берді

"Ақ жол" фракциясының Мәжілістің пленарлық отырысындағы мәлімдемесі

«Ақ жол» фракциясы үкіметтің биылғы есебіне неліктен қарсы дауыс беретінінің үш себебін атап өтейін.

Біріншіден - бұл табыстардағы  контр-нәтижелі «жетістіктер».

2023 жылға арналған кірістер жоспары 140 млрд теңгеден астам қаржыға орындалмады.

Алайда, кірістердің өзінің өсіміне мыналар себеп:

- салықтық төлемдердің өсімі мен

- берешектердің ұлғаюы

Алайда, салық түсімдерінің өсімі аванстық төлем есебінен қамтамасыз етілді, «болашақтағы өнім» десе де болады.

Былтыр корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер 3 трлн теңгеден асып, бірден 19 пайызға артты.

Яғни, салық түсімдерінің өсімі өздерінде әлі жоқ табысқа салынатын салық арқылы кәсіпорындардың «қолын бұраумен» қамтамасыз етілді.

Мұндай тәсілге барудың өзге салдары ретінде қаржыландырудың күйреуі мен кезекті жылдың 1 тоқсанында бюджет міндеттемелерін орындамау болып табылады.

2023 жылы қосылған құн салығын қайтару 2 есеге азайып, соңғы 9 жылдағы ең нашар көрсеткішке ие болды. ҚҚС қайтару бойынша бюджеттің қарызы жыл қортындысы бойынша 594 млрд тг құрады.

Яғни, 2023 жылғы салық саясаты бюджеттің жоспарланған табыстылығын қамтамасыз ете алмауымен қатар айналымдағы қаражатты «мұздату» арқылы кәсіпорындардың мүддесіне үлкен зиян тигізді.

Ия, Салық кодексі аванстық төлемдерге рұқсат етеді, алайда, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін ескеретін болсақ, онда аванстық КТС-тің 3 трлн мен қосылған құн салығын қайтарудың шегерілген 600 млрд-нан бизнестің шартты жоғалтқан табысы біздің есептеуіміз бойынша 300 млрд тг құрайды.

Еске сала кетейік, жапондық «Маревен» компаниясы ҚҚС қайтару бойынша 7 млрд тг қарыз салдарынан макарондық өнімнің экспорттық өндірісін Қонаевтан Өзбекстанға көшіру туралы шешім қабылдады, «Ақ жол» фракциясы бұл туралы Үкіметке сауалдар жолдаған болатын. Бизнес реакциясы осындай.

Берешекке қатысты айтар болса, бұл көрсеткіштерді бюджеттің кірісі ретінде қарастырудың өзі артық.

Оларды қамтуға жұмсалған шығындар 3 жылда 2 есеге артқан. 2023 жылы бұл мақсатқа 4 трлн 258 млрд теңге жұмсалған, бұл өз кезегінде барлық мұнай табысының 28 пайызын «жеп» қойған.

Былайша айтқанда, біреудің ақшасын уақытша аласың, ал, өз ақшаңды мәңгілікке қайтарасың.

Екінші себеп – созылмалы сипатқа ие болған екіге бөліну, былайша айтқанда, Үкіметтің шығыстар саясатының «когнитивті диссонансы»: шығынды бағдарламаларға деген қайтарымсыз шығыстардың өсуі мен шынайы секторды қаржыландырудың тұрақты қысқаруы, бұл табысты қалпына келтіруді тежейді.

Соңғы 10 жылда шығыстардың жалпы көлеміндегі шынайы сектордың үлесі 16% дейін бір жарым есеге төмендесе, даму бюджеттерінің үлесі 10%-ға дейін екі есеге құлдыраған.

Бюджет шығыстарын алмастыру капиталы іс жүзінде құрдымға кетті деуге болады, ал шынайы сектор үкіметтің «асырандысына» айналды.

Оптимисті көрсеткіш ретінде өңдеу өнеркәсібінің 4,1 пайызға байқалған өсімін айта кеткен жөн.

Объективті жағдайды назарға алсақ, бұл көрсеткіште көршілеріміздің латентті реэкспорты мен  құрастырылатын жабдықтардың мемлекет ішілік құнынының асыра бағалануы қаншалықты екені белгісіз. Президент Қ.Тоқаевтың машина жасауда шағын жинақтау мен отандық өндіруге көшу міндетін қоюы кездейсоқ емес. Бұл мәселелер бөлек зерттеуді қажет етеді.

Шағын және орта бизнестің саны 10 пайызға өсіп, 2 миллион субъектіден асқаны жөніндегі есептерге алданбаймыз.

Бұл көрсеткіш жеке кәсіпкерлер үлесінің 63 пайыздан 82 пайызға дейін күрт өсуімен байланысты, өз кезегінде Жоғарғы аудиторлық палата бағалауы бойынша бұл бизнестің жасанды бөлшектену үрдістерін жоққа шығармайды.

Орта кәсіпкерліктің үлесі үш жыл ішінде 1,3 пайызға дейін төмендеді.

Бұл ретте орта бизнестен түсетін салық түсімі, жалпы ішкі өнімнен 3 пайызға дейін өсті, бұл орта кәсіпкерліктің тиімділігін көрсетеді.

Ал олардың аз болуы -  инвестициялар мен технологиялық дамуды ынталандыру бойынша Үкіметтің нақты саясатының жоқтығының салдары.

Үшінші себеп: квазимемсектордың паразитарлы рөлінің сақталуы.

Президент Қ. Тоқаевтың экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығы Үкіметке экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ауқымды және жеделдетілген қысқарту жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бұл бұйрықтың өзектілігі айқын. Қазақстанның жалпы ішкі өнім 40 пайызға жуығын квазимемлекеттік сектор алып жатыр, ал жалпы ішкі өнімдегі оның жалпы қосылған құнының үлесі небәрі 14 пайызды құрайды.

Квазимемлекеттік секторды қаржыландыру құрылымының 80 пайызы бюджеттік кредиттерден, мемлекеттік тапсырмалар мен жарғылық капиталды толықтырудан тұрады. Яғни, табысының тек 20 пайыздан аспайтын бөлігі ғана нарықтан тартылады.

Квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың жабық сипаты мен жемқорлық сыбайластығы бөлек проблема болып, оның көлемі мемлекеттік сатып алу ауқымынан екі есеге артып, 3 триллион 800 млрд теңгені құрады.

Сонымен бірге, 2023 жылы бір көзден сатып алу көлемі (яғни, ашықтық пен бәсекелестік талабына қайшы) 3,3 есеге өсіп,жалпы көлемнің 57 пайызын құрап, 2 трлн теңгені құрады.

Бір көзден сатып алуды түбегейлі тоқтату керек.

Квазимемлекеттік сектор да борыштық жүктемені қалыптастыруда орасан зор рөл атқарады: мысалы, бес жыл ішінде мемлекеттік бюджет квазимемлекеттік кәсіпорындардың 480 миллиард теңге сомасындағы міндеттемесін өтеді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның жолаушылар вагондарын сатып алуы ысырапшылдықтың жарқын үлгісі бола алады. Келісімшарт бюджеттік несие есебінен теңгемен рәсімделгенмен, күнделікті индексацияланатын евро бағамына байланған.

Демек, қорытынды сома жоспарланған қаржыдан әлдеқайда асып түседі.

2023 жылы дивиденд ретінде квазимемлекеттік сектор бюджетке 1,38 трлн теңге аударды, оның 1 триллион 26 миллиард теңгесі Ұлттық банктің «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының акцияларын сатып алуының нәтижесі болды.

Мемлекеттік органның онсыз да мемлекетке тиесілі компанияның акцияларын сатып алуы схемасы – кем дегенде оның құқықтық тазалығына күмән келтіреді және Парламентте бөлек талқылауды қажет етеді.

«Ақ жол» демпартиясы мемлекеттік органдар ешбір ұлттық компанияның үлесін сатып алмаса да, олардың барлығы тапқан кірісін бюджетке аударуға міндетті екеніне сенімді. Біздің фракция осындай ұсынысты қазір Мәжілісте талқыланып жатқан Бюджет кодексінің жобасына жолдады.

Ал сатып алудан түскен дивидендтерді есепке алмағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілері 2023 жылы бюджетке небәрі 260 млрд теңге қайтарды, яғни, таза табысының небәрі 10 пайызынқұрайды, біз мұны мемлекет пен қоғамды қорлау деп санаймыз.

Үкімет азаматтарға қаржы сауаттылығының курстарын өткізеді, бірақ өзі мемлекеттің ақшасын санауды үйрене алмай келеді.

Құрметті әріптестер.

●Бүгінде Парламент Үкіметтің жұмысын тек бюджетті игеру бойынша ғана бағалайды. Бірақ,  қоғамға тек қаржылық ғана емес, Үкімет күш-жігерін қандай мәселелерге бағыттайтынын, оның алдына қандай нақты міндеттер қоятынын көрсететін саяси құжат та қажет.

Үкіметтің Парламентте тек бюджет бойынша нақты іс-қимылдарының бағдарламасын бекітуін ғана емес, сонымен бірге, Бағдарламаны жүзеге асырудағы саяси жауаптылығын қарастырған «Үкімет туралы» Заңның 7-бабын қалпына келтіру керек деп санаймыз.

Сонымен қатар, Қ.Тоқаевтың конституциялық реформасын дамыту мен халықаралық тәжірибеге сәйкес, «Ақ жол» фракциясы бюджетті бақылау барысында Мәжіліске Жоғарғы есеп палатасы анықтаған бюджет қаражатын жымқыру және сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша депутаттық тергеу жүргізу құқығын беруді талап етеміз.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, "Ақ жол" демпартиясы үкіметтің 2023 жылдағы жұмысын қанағаттанарлықсыз деп танып, бюджеттің атқарылуы туралы Есепке ҚАРСЫ дауыс берді.

Назарларыңызға рахмет.