Бүгін Мәжілістің жұмыс тобы бірнеше талқылаудан кейін «Ақ жол» фракциясының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 889-бабының 5) тармақшасына енгізген түзетуін қабылдады. Бұл түзетуге сәйкес, салық заңнамасында көзделген жағдайларда сот немесе салық органдары кәсіпкерді нұсқаманы орындаудан немесе айыппұл төлеуден босатуға міндетті.
Бұған дейін мұндай норма тек Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы заңда қарастырылған жағдайларға ғана қатысты болған; яғни тек өтпелі кезеңде қолданылып келген еді. Алайда жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін («Ақ жол» Демократиялық партиясы оған принципті түрде қарсы дауыс берген еді), фракциямыз да, бизнес қауымдастық та осы Кодекстің жекелеген нормаларын белсенді түрде сынға алған болатын.
Көптеген бағыттар бойынша бұл сын бір жылдан астам уақыт бойы әлі жалғасып келеді. Оған қоса Мемлекет басшысы да құжатты жетілдіру жөнінде бірнеше рет тапсырмалар берген. Атап айтқанда, 2025 жылдың күзінде Қ.Тоқаев Үкіметке бизнестің талап-тілектерін тыңдап, ескеруді тапсырды. Ал, биылғы қаңтарда президент Салық кодексі «қасиетті кітап» емес екенін атап өтіп, кәсіпкерлердің барлық орынды ұсыныстарын мұқият зерделеп, тиісті түзетулер енгізуді жүктеді.
Осыған байланысты Үкімет тарапынан Кодекс нормаларын жетілдіру жөніндегі жобалық кеңсе құрылып, қазірдің өзінде жекелеген нормаларды түзету бойынша ұсынымдар енгізуде.
«Ақ жол» демпартиясы бұл бағытта да жұмысын жалғастырып, Кодекстің нақты позицияларын қайта қарау бойынша ондаған ұсыныс жолдадық. Келесі аптада Шымкент қаласында Мемлекеттік кірістер комитетінің басшылығы мен жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен фракцияның көшпелі отырысын өткізуді жоспарлап отырмыз.
Басқаша айтқанда, жаңа Салық кодексі
бойынша жұмыс (және күрес) жалғасуда, әрі біз кем дегенде бірқатар даулы
ережелерге түзетулер енгізіледі деп сенеміз.
Сондықтан, қабылданып жатқан түзетулер
қағаз жүзінде қалып қоймай, кәсіпкерлерге салынған айыппұлдар мен өзге де
әкімшілік жазаларды нақты жоюға алып келуі үшін «Ақ жол» фракциясы ӘҚБтК-ге
жоғарыда аталған түзетуді енгізді.
Бұл шешім соттарға және салық органдарының өздеріне жаңа салық саясатын жетілдіру барысында бизнеске қолдау көрсетіп, бұрынғы талаптарды ұзақ даулар мен артық анықтауларсыз алып тастауға мүмкіндік береді.
Бұл шешімді, әсіресе, шағын және орта бизнес үшін аса маңызды деп санаймыз. Осы бастаманы қолдағаны үшін Мәжілістің жұмыс тобы мен Қаржы министрлігінің басшылығына алғыс білдіремін. Бұл шағын болғанымен, принципті қадам кәсіпкерлердің жаңа Кодекс пен жаңа салық саясатына бейімделуіне өз үлесін қосады деп үміттенеміз.
«Ақ жол» демпартиясы ұлттық бизнес пен отандық кәсіпкерлерді қолдау мен қорғау бағытындағы нақты әрі табанды жұмысын жалғастыра береді.
Сабырлылық танытып, алған беттен қайтпау керек.