13
Қазан

«Ақ жол» демпартиясы өндірістік бизнеске қатысты рейдерліктің жаңа түрі туралы айтты

12 қазан 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Кеше «Ақ жол» демпартиясының сайлаушылардың өтінімдері бойынша Үкіметтің атқарған жұмысына қатысты ұстанымын жария еткен Азат Перуашев мемлекеттік органдардың тарапынан жабылу мен басқа жерге көшіру талаптарына тап болған өндірістік кәсіпорындардың өтініштері туралы баяндады. «Ақ жол» лидері мұны рейдерліктің жаңа әдісі деп атап, дабылдардың әр өңірден түсіп жатқанын атап өтті.

«Ісіне адал емес шенеуніктер барлық нормаларға қайшы болса да, санитарлық аймақтарда тұрғын үй құрылыстарын жүргізуге рұқсат беріп, ондаған жылдар бойы сонда жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындарды елемеуде. Ал, соттар шенеуніктердің ығына жығылуда. 

Алматы облысындағы макулатура өңдеу зауыты, Оралдағы «Кублей» етконсервілерінің зауыты, «Солнечный» сүт зауыты, Алматыдағы «Нұртау Темір» ТБӨ зауыты және тб. - барлығы осы тектес жағдайлардың тұтқындарына айналған.

Қисынға салып, оқиғалардың қайталануын бағамдаса бұл нағыз әділетсіздік әрі жергілікті әкімдіктердің жерді бөлудегі мүдделілігі екені анық, ал, үкімет жағдайды сырттай ғана бақылап отыр. Бұл тауарөндірушілерді, салық төлеушілер мен мыңдаған жұмыс орындарын жою екендігі түсінікті емес пе? 

Мұндай жағдайда қандай бизнес, қандай инвестициялық климат туралы айтуға болады?

«Ақ жол» фракциясы маусымның 27-күні мұндай жағдайда заңсыз шешімдерді шығару арқылы бизнеске келтірілген залалды шенеуніктердің өз қалтасынан өтеуін ұсынды. Тамыздың 2 күні Үкімет бұл ұсыныстан бас тартты. Бизнес шарттары жөніндегі заң жобасы бойынша өткен отырыста жұмыс тобы біздің ұсынысымызды қолдағанын хабарлаймын. Талқылаудың келесі кезеңдерінде де соны талап ететін боламыз», - деді А.Перуашев.