23
Шілде

«Ақ жол» демпартиясы Жетісу облысында сайлауалды науқанды ресми түрде бастады

«Ақ жол» демпартиясы ел болашағын айқындайтын маңызды саяси кезеңге белсене қадам басып, сайлауалды науқанының басталғанын ресми түрде жариялады. Науқанның ресми старт форумы Алматы қаласында өтіп, оған партия басшылығы, орталық штаб мүшелері мен белсенділер жиналды.

Ауқымды саяси жиыннан Жетісу облысы да тыс қалған жоқ. «Ақ жол» демпартиясының Жетісу облыстық филиалы мен өңірлік штаб мүшелері форумға Zoom платформасы арқылы онлайн режимінде қосылып, толық құрамда қолдау білдірді.

Форум барысында сайлауалды бағдарламаның басты басымдықтары, штабтың жұмыс жоспары мен өңірлерді дамытудың нақты міндеттері сараланды.

«Ақ жол» демпартиясы үшін шағын және орта бизнес — құрғақ сөз емес, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен тұрақтылығының басты кепілі. Партия бағдарламасының өзегінде отандық өндіріске дем беру, бизнесті негізсіз кедергілер мен бұралаң бюрократиядан арылту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы бәсекеге қабілетті экономика құру идеясы тұр.

Сонымен бірге жастардың әлеуетін іске асыру — стратегиялық басымдық ретінде айқындалды. Жас кәсіпкерлердің бастамаларына жол ашу, оларды қолдаудың пәрменді тетіктерін енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жалғаса береді.

«Ақ жол» демпартиясының ұстанымы — құрғақ уәде емес, нақты іс. Науқан барысында ел ішінде ашық, сындарлы әрі шыншыл диалог жүргізу — партияның басты ұстанымы.

Өзгерістер қажет!