3 маусым 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Бүгін Ақтөбеде «Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық конференциясы өтті. Филиалдың бұрынғы төрағасы Асқар Садықовтың Мәжіліс депутаты болып сайлануына байланысты партияның жергілікті кеңесі жаңа төрағаны сайлады.
Филиалдың жаңа төрағасы болып бірауыздан 35 жастағы кәсіпкер Ұлан Қозыбақов сайланды. Ол биыл өткен маслихат депутаттарын сайлауда бір мандатты округ бойынша 52% жинады. Бұл жоғары бәсекелестік пен дауыстардың шынайы саналғанын көрсетеді.
Ұлан Қозыбақов, С.Ю.Витте Мәскеу университетінің түлегі, экономика ғылымның магистрі, Израильде Smart-city технологиясын қолдану тәжірибесінің қатысушысы. Қаржы, ІТ саласында қызмет атқарған. Ақтөбе қалалық маслихатының VII-VIII шақырылым депутаты.
Конференцияға «Ақ жол» лидері Азат Перуашев, Парламент Мәжілісі депутаттары Ерлан Барлыбаев пен Асқар Садықов, Партия төрағасының аймақтар бойынша орынбасары Серік Ерубаев, партияның орталық аппаратының басшысы Асылхан Қожахметов, жергілікті мәслихаттардағы партия атынан сайланған депутаттары мен партия белсенділері қатысты.
Жиын соңында партия төрағасы Азат Перуашев жуырда өткен сайлау науқанында ерекше көзге түсіп, сайлаушыларымыздың дауысын қорғаған бір топ сенімді тұлғалар мен байқаушыларға «Ақ жол» демпартиясы Ұлттық кеңесінің Алғыс хаттарын табыс етті.