05
Қазан

“Ақ жол” демпартиясының Қылмыстық кодекске ұсынған өзгерістері талқылады

https://t.me/peruash/9979

“Ақ жол” Демпартиясының орталық аппаратында Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар мен құқықтанушылардың қатысуымен Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерге бас бостандығын шектеудің орнына жазаның өзге де түрлерін енгізу бойынша фракциямыздың түзетулерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. 

Атап айтқанда, біздер экономикалық заңбұзушылықтар үшін түрмеге қамаудың орнына кінәлілерді сот белгілеген мекенжайларға тұруға жөнелтуді (бас бостандығынан айырмай) ұсынып отырмыз. Одан бөлек, заңсыз шығарылған капиталдарды қайтаруды қамтамасыз ету аясында «Ақ жол» демпартиясы жемқорларға ұрлаған және шетелге аударып үлгерген қаржыны толық қайтармайынша Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салу ұсынысын енгізді. Коммуналдық төлем не өзге де заңбұзушылықтар үшін қарызы бар адамдар да шетелге демалысқа шыға алмай жатқанда, мұндай шара миллиардтап қаржы жымқырғандарға әбден лайықты.  

Өткір әрі нақты пікірталас орын алып, бірқатар беделді құқықтанушылар  (М.Қоғамов, В.Олейник, Д.Чукмаитов, В.Хан, Е.Кинцель және т.б.) бұл ұсыныстарға қолдау ретінде өз дәйектерімен бөлісті. Оған қоса, адвокат А. Нұрболатовтың айтуынша, осыған ұқсас шаралар еуропа елдерінің қылмыстық заңдарында да қарастырылған екен (Испания, Франция, Италия және т.б.). 

 

Бұл шаралардың Конституцияға сай еместігін желеу еткен қарсыластар да болды. Егер шектеулер заңмен қарастырылып, сотпен қабылданса - өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін - онда Конституция мұндай құқық шектеулеріне жол береді деп жауап бердім. Ал, біздің ұсыныстар әділдік пен құқықты гуманизациялауға бағытталған. 

Дегенмен, бірқатар ұсыныстар – мысалы, бұл шектеулерді дербес шара ретінде емес, пробация шеңберінде қолдану: сондай-ақ оларды жазаның негізгі емес, қосымша түрлері ретінде енгізу – біздің ойымызша, назар аударуға тұрарлық. 

Қатысушылар сонымен қатар осы бастамаларды іс жүзінде қолдану мәселелерін, соған қатысты шығындарды және басқа да ұйымдастыру мәселелерін зерделеу қажеттілігі туралы айтты. Сонымен қатар, көпшілік қауіпті емес қылмыскерді түрмеде ұстаудан гөрі оның қызметін шектеу мемлекет үшін тиімдірек деген пікірде; бір  таба нанды ұрлағаны үшін сотталған адамның «маған енді бұл нанды күніне үш рет тегін әкеп беретін болды» деп айтқан анекдоттағыдай. 

Талқылау ұсынылған өзгерістерді жақтаушыларға да, қарсылық танытқандарға да пайдалы болды деп ойлаймын. Дөңгелек үстел соңында барлық қатысушыларға және заң жобасының Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі, депутат Абзал Құспанға осы шараны өткізу идеясы үшін алғыс білдірдім.