30 сәуір 2024 жыл, “Ақ жол” демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Бүгін "Ақ жол" демократиялық партиясының орталық кеңсесінде партия Ұлттық кеңесінің Пленумы өтті.
Пленум Батырбек Әшірбаевты Шымкент қалалық филиалының төрағасы етіп сайлау жөніндегі биыл 20 сәуірде өткен Шымкент қалалық конференциясының шешімін бекітті.
Б. Әшірбаев 34 жаста.
2015 жылы Пенсильвания (АҚШ) университетін Экономика және Статистика мамандығын тәмамдап, Бостон университетінде тәжірибеден өткен.
2016 жылдан бастап бизнесте қызмет етіп келе жатыр. 2021 жылдан бері «Integra Construction KZ” компаниясының Шымкент қалалық филиалының бас директоры.
Шымкент қалалық Бокс федерациясының президенті.
"Ақ жол" демпартиясының партиялық тізімі бойынша Шымкент қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат.
Сондай-ақ, партияның Мәжіліс пен жергілікті маслихаттардағы депутаттары қатысқан «Ақ жол» парламенттік фракциясының отырысы өтті.
Фракция Мәжілістің алдағы пленарлық отырысына дайындықты талқылады.
Атап айтқанда, құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Виктор Микрюков пен әріптестері дайындаған Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңға қатысты ұсыныстары тыңдалды.
Жиын соңында Азат Перуашев өткен шақырылымдар қорытындысы бойынша дәстүрлі түрде шығатын "Полемикалық экономика" жинағын таныстырды. Аталмыш екі томдық депутаттық сауалдарды, заң жобаларын талқылауда «Ақ жол» фракциясының мәлімдемелерін, қаңтар оқиғасы, Конституциялық референдум, президенттік және парламенттік сайлаулар сияқты VII шақырылымдағы басты оқиғалар жөніндегі ұстанымдар мен партия жұмысы туралы пікірлерді қамтиды.
Дәстүрлі түрдегі мұндай жинақтар (V және VI шақырылым үшін) «Ақ жол» демпартиясының басшылығының, Мәжіліс пен жергілікті маслихаттардағы депутаттарымыздың күнделікті жұмысы үшін жақсы көмекші құрал.
Жинақ екі томнан, барлығы 650 астам материалдан тұрады. Ішінде экономика, саясат және әлеуметтік тақырыптардың түрлі ауқымы бойынша партияның ұстанымын қамтиды. Жинақ ішкі қолданыс үшін аз тиражбен (300 дана) жарық көрсе де, демпартия белсенділерімен қатар, экономистер, саясаткерлер, заманауи Қазақстанның өміріне қызығатын студенттердің де қызығушылығын тудыруы мүмкін.
Мәжілістің VII шақырылымындағы ақжолдық депутаттар жинақтың алғашқы даналарына қолтаңбаларын қалдырды.