06
Қантар

«Ақ жол» демпартиясының Жетісу облысы бойынша филиалының төрағасы баламалы негізде сайланды

6 қаңтар 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Алматы облысы Алматы және Жетісу облыстарына бөлінгеннен кейін жаңадан құрылған екі филиалда да төрағалар сайланды. 


Қаңтардың 5-і күні Талдықорғанда өткен Жетісу өңіріндегі партия конференциясында облыстағы ең ірі өндірістік кәсіпорын – «Қайнар» ЖШС директорының орынбасары Ермек Егінбаев пен белгілі журналист Сандуғаш Дүйсенованың кандидатуралары ұсынылды. Қызу талқылаудан кейін көпшілік дауыспен Ермек Егінбаев «Ақ жол» демократиялық партиясының Жетісу облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.

Ермек Молодақұлұлы еңбек жолын Үштөбедегі орта мектепте мұғалім болып бастап, облыстық жастар ісі комитетін басқарып, кәсіпкерлікті қолдау саласында белсенді қызмет атқарды. Осы уақытқа дейін «Ақ жол» демпартиясының Алматы облысы бойынша филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ол, сонымен қатар,«Қайнар» ЖШС қорғасын аккумуляторлар зауыты директорының орынбасары.

Конференцияға Ұлттық кеңестің хатшысы, «Ақ жол» ҚДП орталық аппаратының басшысы Асылхан Қожахметов, Алматы облыстық филиалының төрайымы Мейраш Шынасилова, Алматы қалалық филиалының төрағасы Олжас Нұралдинов, жергілікті мәслихат депутаттары мен партия мүшелері қатысты.