2 маусым, 2022 жыл, «Ақ жол» партиясының Түркістан
облыстық филиалы
Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Азамат Әбілдаев Түркістан
облысының Ақдала, Дермене ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, шаруа
қожалықтарын аралады.
Депутат Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгеріс пен толықтыру
енгізу бойынша референдумның елдің болашағын айқындайтын өзгеріс екенін айтты.
Ол конституциялық реформаның тұжырымдамалық негіздері мен ерекшеліктері туралы
баяндап берді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары пенсия жасын төмендетуді, микрокредиттық
ұйымдардың қызметін тұсаулауды, несиенің пайыз мөлшерін азайтуды сұранды. Өз
кезегінде ауылдың почта қызметкерлері айлық ақыларының 35000 теңге екенін,
мұндай айлыққа күн көрудің қиын екенін айтты. Ауыл тұрғындары мен шаруа
қожалықтарының көкейкесті сұрақтарына
депутат жауап беріп, алдағы уақытта Үкімет алдында бұл мәселелерді
көтеретініне сенім білдірді.
Кездесу соңында Азамат Рахатұлы «Бүкілхалықтық референдумға белсенді
қатысып, өз ұстанымдарыңызды білдіру – азаматтық парызымыз! Еліміздің жарқын
болашағы үшін бір кісідей жұмылып еңбек ету – әрбіріміздің перзенттік
борышымыз!, - деді.