17
Мамыр

«Ақ жол» депутаты өзі оқыған мектепке барды

17 мамыр 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалы

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Серік Ерубаевтың іс-сапары Атырау облысы, Махамбет ауданындағы Береке ауылында жалғасты. Кездесуде алда өтетін референдум жөнінде түсіндірді.

- «Ел тарихын жазуға әркім өз үлесін қоса алады деген сөз. Сондықтан әлемдік демократия үрдісі бойынша біздің елде жүзеге асатын осынау маңызды бастама – мемлекет пен қоғамның байланысын жақындата түсетін үлкен мүмкіндік. Еліміздің болашағы үшін тұтастай халыққа ортақ жауапкершілік жүктейді. Бәріміз бірлесіп ат салысуымыз қажет», - деді мәжілісмен.


Оған қоса Береке ауылының тұрғындары мектептегі мәселелер бойынша сұрақ қойды.  Атап айтқанда, алдымен, мектептегі еден жуушылар мен жүргізушілерге төйленетін жалақының аздығы, оқушыларды тасымалдау қауіпсіздігі өткір мәселеге айналған. Жалақысы аз болған соң, жүргізушілер де тапшы екенін жеткізді ауыл тұрғындары. 

Сонымен қатар депутат Серік Ерубаев өзі оқыған Ыбырай Алтынсарин атындағы №11 мектебіне барды. Мектеп ұжымы әйелдердің зейнет жасын төмендету жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.


- Енді Ата заңдағы «Конституциялық кеңес» «Конституциялық сот» болып өзгереді. Осы уақытқа дейін азаматтар «кеңеске» тек сот арқылы жүгіне алған. Ал, ол өтініштің «тағдырын» судья шешіп келді. Енді халық нақты проблемасымен «Конституциялық сотқа» жүгіне алады. Бұдан бөлек, Конституцияда өлім жазасы мүлдем алынып тасталады. Қазақстанда қазіргі таңда өлім жазасына мораторий жарияланған. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативті хаттама өлім жазасын алып тастауды көздейді, – деді Серік Сәрсенұлы.

Кездесу соңында ұжым басшылығы мен ұстаздар референдумда қолдап, дауыс беруге дайын екендігін айтты.