7 маусым 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Абай облыстық филиалы
«Ақ жол» фракциясының депутаттары аймақтардағы жұмыстарын жалғастыруда.
Бүгін Мәжіліс депутаттары Берік Дүйсембинов пен Ғани Хамзин Абай облысы
Алакөл көлінің жағалауындағы Жарбұлақ ауылына барды.
Еске салайық, маусымның 4 нен 5 не қараған түні, Алакөл жағалауында Керуен
демалыс үйінен өрт шығып, көршілес орналасқан үш демалыс орнын өрт жалмады.
Тек жергілікті азаматтардың бірлескен іс қимылының арқасында ғана, түнде
болған өртте адам шығыны болған жоқ.
«Ақ жол» партиясының депутаттары өрттің кесірінен зардап шеккен
кәсіпкерлермен кездесіп, мәселелерін тыңдады.
- «Бұл оқиға бірнеше жылдар бойы шешілмей келе жатқан электр қуатының
жеткіліксіздігін, өрт қауіпсіздігінің сақталмауын, тұрақты өрт депосы мен өрт
сөндірушілердің жоқтығын, жағаны бекіту, инфрақұрылымның өрт қауіпсіздігіне
сәйкес дамымауы, демалыс үйлерінің негізі ағаш болғандықтан сақтандыру
компанияларының оларды сақтандырудан бас тартуы туралы біраз мәселенің басын
ашып отыр», - дейді зардап шеккен кәсіпкерлер.
Сондай-ақ кездесуде басқа да осы өңірге қатысты үлкенді кішілі мәселелер де
көтерілді. Барлық өтініштер тіркеліп, Мәжіліс депутаттары тарапынан қаралып, «Ақ жол» фракциясының алдағы жұмысында
пайдаланылатын болады.