20
Тамыз

«Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалы Байзақ ауданы Көктал ауылында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді

20 тамыз 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» ҚДП Жамбыл облыстық филиалының кеңес мүшелері, филиал төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова, партия атынан Жамбыл облыстық мәслихатына бір мандаттық жүйемен сайланған депутат Дәурен Ахметжаев, филиал заңгері Жеңіс Сариев Байзақ ауданы Көктал ауылдық округінде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың жеке сұрақтарын тыңдады.

Сейсекүл Дүйсебайқызы тұрғындарға Алаш идеясын  жалғастырушы “Ақ жол” ҚДП-ның ұстанымдарына тоқталды. Партия тарапынан республика, облыс көлемінде шағын және орта бизнесті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Дәурен Ахметжаев өз кезегінде кәсіпкерлер мен жастардың стартап жобаларына берілетін гранттар туралы түсіндірді.

Тұрғындар қоғамдық қабылдауда әлеуметтік мәселелерді қозғады. Мамандық бойынша жұмысқа орналасуға көмек сұрағандар да болды. Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Дәурен Ахметжаев өз кәсібін ашсам деген жастарға кеңес айтып, бағыт-бағдар берді.

Педагогикалық білімі бар Жансая Алдабаева есімді ауыл тұрғыны балабақшаға немесе мектепке жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтып, көмек сұрады. Гүлнара Нұрымбетова апай дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алған ұлының жұмыс таппай, ауыл арасында жолаушылар тасып, табыс тауып жүргенін жеткізді.

Ақжолдық депутат Дәурен Ахметжаев тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарын жазып алып, кеңес берді.