Парламенттің бүгінгі бірлескен отырысында «Ақ жол» фракциясы Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есебін қолдамады - Б.Дүйсенбиновтің сөйлеген сөзі
Құрметті әріптестер!
Биылғы жылдың 22 ақпанында Мемлекет басшысы экономикалық реформалардың міндеті цифрларды баяндау емес, халықтың өмір сүру деңгейін көтеру керегін атап өтті. Естеріңізге сала кетейін, бұрынғы Үкімет туралы заңда жаңа Үкімет тағайындалған кезде оның Парламентте өз іс-қимылдарының бағдарламасын қорғауға міндеттейтін шарт бар болатын. 2007 жылы бұл норма жойылып, содан бері Парламент Үкіметтің саяси бағдарламасымен емес, оның бухгалтериясымен жұмыс істеп келеді. Бірақ, мұнда да оңып тұрған ештеңе жоқ. Дәлірек айтсақ, Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын бекіту туралы норманы алып тастау – мемлекеттік органдардың халық қаражатын өз еркімен пайдалануына жол ашқан секілді. 2021 жылғы есебінде Үкімет алғашқы рет квазимемлекеттік сектордың көрсеткіштерін қосып, кеңейтілген құжатты ұсынған болатын. Бұл – аз да болса, ашық бюджетке жасалған маңызды қадам.
Дегенмен, «Ақ жол» фракциясы Есеп комитетінің қорытындысында көрсетілген келеңсіз жайттарды атап өтуге мәжбүрміз. Мысалы, өткен жылы халықтың нақты ақшалай табысының өсуі екі есеге қысқарды (2019 ж. – 6,4 %, 2021 ж. – 2,9 %): – ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемінің 2,5 %-ға (өсімдік шаруашылығы – минус 6,7 %) төмендеуі байқалды. - инфляция шектен 1,5 есеге асып түсті (жоспардағы 4-6 % орнына 8,4 %) және т. б. Экономикадағы мұндай жағдайдың субъективті себептерінің қатарында «Ақ жол» фракциясы Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің ақылға қонымсыздығынан және тұтастай алғанда Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктердің мүдделерін қорғауынан көреді. Кешегі Салық кодексін талқылауда, Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай, бүкіл еліміздің экономикасы – мемлекет, бизнес, халық болып қаржыландыратын банктердің салық жүктемесі небәрі 2-5 пайызды құрайды екен. Яғни, азаматтарымыз 10 пайыз табыс салығын төлейді, бизнеске түсетін салық ауыртпалығы 40 пайыздан асады, ал банктердің өз есептері өздерінде, олар ешкімге қарыз емес. Сондықтан, экономика құлдыраған кезде, керісінше, олардың кірістері өсе түсті. Міне, бюджеттің резерві осында көмулі жатыр, құрметті Үкімет мүшелері.
Әділетті Қазақстан туралы айтатын болсақ, салық салуды да әділ негізге қоятын кез келді. Өндіріске берілудің орнына несиенің 60 %-ы тұтынуға кетеді (кәсіпорындар үшін 7,7 трлн, жеке тұлғалар үшін 10,7 трлн). Халық табысының бестен бір бөлігі тұтынушылық несиені өтеуге жұмсалады! 2017 жылдан бері ауыл шаруашылығын несиелендіру 3 есеге қысқарды, ал өнеркәсіпті несиелеу 5 жыл бұрынғы деңгейде қалды. Ешқандай өсу жоқ! Нақты сектор қолда бар айналым қаражатына қол жеткізе алмай қиналуда. - Ішкі нарықтың импортқа тәуелділігі өсті. Мысалы, экспорттың жалпы құрылымында азық-түлік тауарларының экспорты 6,2 %-ға (2020 ж. – 7 %) төмендеді, ал импорттың жалпы құрылымындағы олардың импорты 11,8 %-ға дейін өсті (2020 ж. – 10, 7 %). - Бюджеттің мұнайға деген үлкен тәуелділігі сақталуда. Осылайша, ЖІӨ-ге қатысты мұнайлық емес тапшылық 9,9 % құрайды. Еске салайық, ЕО стандарттары бойынша экономика 3 пайыздық дефицитпен тұрақсыз болып саналады. Ал Үкімет болса, бізді өз есебінде «2021 жылы экономика тұрақты өсу траекториясына түсті» деп сендіргісі келеді. Бұл не деген кері кеткен «өсім»?! - Мемлекеттік борыш және мемлекет кепілдік берген борыш 53,7 млрд АҚШ долларын құрап, жаңа Бюджеттік саясат тұжырымдамасында белгіленген ЖІӨ-ге қатысты шегінен асып түсті. Бұған кім жауап береді? Ұлттық қордың шығыстары кірістерден асып түсті. Ұлттық қордың 2021 жылға арналған инвестициялық кірісі 2,5 есеге азайып, Қорды басқару шығындары 19 миллиард теңгеге дейін өсті. 2021 жылы Қордан ең көп қаражат алынды: кепілдендірілген трансферт 2,7 трлн теңге, нысаналы трансферт – 1,8 трлн, нақтылауды қосқанда тағы 850 млрд теңге. Нәтижесінде бір жылда Қор активтері 9,4 %-ға, яғни 55,3 млрд АҚШ долларына дейін қысқарды. Нысаналы трансферт негізінен (58 %) ағымдағы шығыстарға жұмсалған, ал Ұлттық қор тұжырымдамасында маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру көзделген.
Сонымен қатар, Есеп комитеті Ұлттық қорға қаржының қайтарылмауы бойынша заң бұзушылықтарды анықтады, бұл 2015 жылдан бері 72 миллиард теңгеден астам соманы құраған. – 2007 жылы бюджеттің 90 пайызы экономиканың «таза кірісінің» есебінен қамтамасыз етілсе, бүгінде Ұлттық қордан түскен қаражатсыз және несиесіз бюджет шығыстарының тек қана 50 пайызы ғана жабылған. Осының барлығы экономиканы дамытып, салық салынатын базаны қалыптастыратын өндіріс салаларын құрудың орнына, Ұлттық қор қаражатының «босқа желініп кеткенін» айғақтайды. Бюджеттің шығыс бөлігінде экономиканың нақты секторына инвестицияның тағы да 6 %-ға қысқаруы байқалады. Бұл қаражат та технологиялық өндірісті құруға емес, жол мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жұмсалған. Егер ешкім табыс көзін ашпаса, оған генерация жасамаса, бюджет кірісі қайдан пайда болады? Өнімді экономиканы дамыту тұрғысынан экономикалық аймақтарды құруға үлкен үміт артылған еді. Бірақ, шын мәнінде не болып жатыр? 2001 жылдан 2021 жылға дейін АЭА-ға құйылған инвестициялар 4,2 трлн теңгені құрады, оның 71 пайызы Елорданың және Түркістанның әкімшілік орталықтарының құрылысына (3 трлн теңге) және 29 пайызы ғана өнеркәсіпке (1,2 трлн теңге) жұмсалды. Инвестицияның 2/3 бөлігін (807 млрд теңге) квазимемлекеттік кәсіпорындар салған. «НИНТ» мұнай-химия технопаркі», «Химпарк-Тараз» сияқты АЭА жеке инвестицияны мүлде тартқан жоқ. Ел экспортындағы АЭА өнімдерінің үлесі 0,1 % құрайды, бұл заманауи өндірістерді құру қолдан келмеді деген сөз. - Квазимемлекеттік сектордың рөлі. 2020 жылдың 23 наурызында Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік компаниялардың таза кірісінің 100 пайызын бюджетке аударуды тапсырды. Бірақ Үкімет мұны «бір реттік» тапсырма деп түсінсе керек, бюджетке 100, тіпті 50 пайызын емес, мемлекеттік компаниялардың табысының 16 пайызын ғана жіберді. Биылғы жылдың сәуір айында «Ақ жол» фракциясы ұлттық компаниялардың кірісінің 100 пайызын бюджетке қайтару туралы талапты заңға енгізуді ұсынды, бірақ, Үкімет біздің ұсынысымыздан бас тартты. Жаңа Қазақстан аясында Үкіметтің Парламенттің мұндай бастамаларына тосқауыл қою құқығын қайта қарайтын уақыт келді деп есептейміз. Сонымен бірге, Есеп комитетінің тексеру қорытындысы бойынша өткен жылы квазимемлекеттік секторды басқаруда 2,3 трлн. теңге мөлшерінде заң бұзушылықтар анықталған. Президенттің жаңа мемлекеттік кәсіпорындарды құруға мораторий жариялағанына қарамастан, ондаған жаңа РМК пайда болды. Квазимемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіруде ірі заң бұзушылықтар анықталды. 2021 жылы 66 кәсіпорын нарықтық құнынан 3 есе төмен бағамен сатылды (22,2 млрд теңгеге қарсы 7,2 млрд теңге), 18 нысан нарықтағыдан 11 есе арзан сатылды (нарықтық құны 9,4 млрд теңге, сату бағасы 864 млн теңге). Мұның барлығы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін білдіріп, құқық қорғау органдарының назар аударуын талап етеді. Квазимемлекеттік кәсіпорындардың функциялары бірін бірі қайталайды. Мәселен, тұрғын үй бағдарламаларымен «Бәйтерек девелопмент», «Қазақстан ипотекалық компаниясы», «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры», «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы», «Баспана» ипотекалық ұйымы, «Самұрық-Қазына констракшн», «Қазақстан тұрақтылық қоры» мемлекеттік компаниялары айналысады. Инвестицияларды тартумен – «Тікелей инвестициялар қоры», Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясы, «Самұрық-Қазына Инвест», «Қазына капитал менеджмент», «Каз Тех Венчурз», «Казах Прожект Препарейшн фонд» және т.б. Олар шын мәнінде қаншалықты инвестиция тартып, қаншама пайда әкелді немесе кеңселеріне, жалақыларына, сыйақыларына қанша ақша жұмсайтыны – үлкен сұрақ.
Құрметті әріптестер! Конституция бойынша Референдумнан кейін Президент Қ. Тоқаев өз Үндеуінде «Жаңартылған Конституция негізінде біз мемлекеттік институттардың жұмыс істеуінің анағұрлым тиімді моделін қалыптастырамыз, тежемелік және тепе-теңдік тетіктерін күшейтеміз» деп баса айтты.
Басталған реформаны әзірлеу барысында ұлттық компаниялардың бюджеттерін және олардың дивидендтік саясатын бекітуді, сондай-ақ сыртқы қарыз алудың критерилерін реттеуді ашық етіп, Парламентке беру қажет деп санаймыз. Әйтпесе, бұл өкілеттік мемлекеттік органдардың өз қолында болғандықтан, бұл нормалар шенеуніктердің өз қалауына қарай реттеледі. Сондай-ақ, «Ақ жол» демократиялық партиясы жаңадан тағайындалған Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын Парламенттің бекітуі туралы норманы қайтаруды ұсынып отыр. Сонда Мемлекет басшысы тапсырғандай, бюджет пен халықтың қаржысын кім көп жұмсағанына қарап емес, халықтың өмір сүру сапасына қарай Үкімет жұмысын бағалауға болады. Сонымен қатар, конституциялық реформаны әзірлеу барысында және әлемдік тәжірибеге сәйкес Мәжіліске Жоғарғы есеп палатасы анықтаған қаржы жымқыру және сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша Парламенттік тергеу жүргізу құқығын беруді талап етеміз. Бүгін біз қарастырып отырған Есеп комитетінің қорытындылары – Жоғарғы Аудиторлық палатасының актілеріне айналып, Парламент жұмысын жаңа деңгейге шығаратын, биліктің атқарушы және өкілді тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің құралы болуға тиіс. Сондай-ақ, анықталған заң бұзушылықтар бойынша іс қозғауға және лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуға негіз болады деп сенеміз. «Ақ жол» демократиялық партиясы осы және өзге де бастамаларды заңнаманы Конституцияның жаңа редакциясына сәйкестендіру барысында енгізетін болады.
Назар аударғандарыңызға рақмет.