18
Қыркүйек

"Ақ жол" фракциясының Салық кодексінің таныстырылымындағы баяндамасынан тезистер

 17 қыркүйек 2024 ж.

Құрметті әріптестер.

Мемлекет басшысы өз тапсырмасында жаңа Салық кодексін әзірлеуді ғана емес, оны кәсіпкерлерге түсінікті және қолжетімді етуді талап еткен болатын.

1. Бұрын кодексте 708 бап болған.

Сіздер маусым айында «Ақ жолға» келгенде 809 бап бар еді (бүгінгі нұсқада - 822 бар), яғни, олардың саны 100-ден астам бапқа өсті. «Жеңілдеткендеріңіз» осы ма? 

Бизнес пен экономиканың күткені осы емес екені анық.

Біз, әрине, салықтық қатынастар тең құқылы серіктестік қатынастары емес, бағыну қатынасы екенін түсінеміз. Онда Парламент кәсіпкерлер өз құқығын қорғай алатын, салық органдарының алдындағы соңғы қамал саналады.

2. Сіздер бөлшек салықтың орнына СНР енгізуді ұсынған кезде, СНР B2C (бөлшек клиенттер үшін) 2 пайызды құрайтынына сендірдіңіз, қазір біз 4 пайызды көріп отырмыз.

Оның үстіне мәслихаттарға тағы да 50 пайызға көбейту немесе азайту құқығын беріп отырсыздар.

«Ақ жол» фракциясы өткен жыл бойы салық органдарымен күресіп, бөлшек сауда салығын 4-тен 2 пайызға дейін төмендету мақсатында облыстар мен қалалардың әкімдеріне 30-дан астам депутаттық сауал жолдаған.

Алматы мен Рудныйдан басқа өңірлердің көпшілігінде бұл салықты азайтуға қол жеткізе алдық.

Бірақ сіздер қайтадан 4% қайтарып, оның үстіне жергілікті жерде бұл салықты 6% дейін көтеруге мүмкіндік беріп жатырсыздар.

Шағын бизнес мен жұмыс орындарына деген қамқорлық осы ма?

Сонымен қатар, B2B жұмысы үшін (заңды тұлғалармен мәмілелер) 12 пайыздық СНР енгізіп отырсыздар, бұл кәдімгі ҚҚС ғой.  Салықтардың өсуіне әкеліп соғатын бұл қандай «жеңілдік»?

Мемлекет басшысы алға қойған міндеттің бірі бизнестің бөлшектенуін жою және оның шағын бизнестен орта бизнеске дейін өсуін ынталандыру еді. Бірақ СНР ҚҚС-ға тең қылу арқылы сіздер бизнесті ынталандырудың орнына, оны нақты айналымдарды жасыруға мәжбүрлейсіздер.

3. СУР-ға келетін болсақ - қазір оның қаншалықты жақсы және ыңғайлы болатынын айтып жатырсыз. Мүмкін, бірақ тек шенеуніктер үшін.

Сіздермен СУР-дан құпия критерийлерді алып тастау туралы бірнеше жылдан бері дауласып келеміз. Олар алынып тастала ма? Тұсаукесерде осы туралы айтылмағанымен, кәсіпкерлерді алаңдатып отырған мәселе осы. Өйткені олар тәуекел санаттарының неліктен ұлғайғанын, мемлекеттік сатып алуларға, ұлттық компаниялардың сатып алуларына неліктен қол жетімдіктен айырылғанын жиі түсінбейді. Ал, жергілікті әріптестеріңіз бұл құпия ақпарат екенін алға тартып, ештеңе түсіндірмейді. Кәсіпорынның кемшілігі қайда екені айтылмаса, өз жұмысын қалай жақсарта алады?

Маусым айында СУР жойылатынын айттыңыздар, бірақ, қайтадан жобада қалдырып отырсыздар. Онда құпия критерийлерді алып тастап, өтпелі шара ретінде СУР-ның әрекет ету мерзімін нақты көрсетіңіздер - айталық, үш жыл (салық дауы бойынша талап қою мерзіміне сәйкес), содан кейін бұл бап күшін жойып, Кодекстен алынып тасталатындай.

4. Әрі қарай. Мәмілелерді жарамсыз деп тануға қатысты, жаңа ғана әзірлеушілердің баяндамасында бұл жалған кәсіпкерліктің бір түрі екені айтылды.

Еске сала кетейін, жалған кәсіпкерлік туралы бап әлдеқашан жойылып, қылмыссыздандырылған. Қазір мұндай даулардың барлығы мәмілелерді жарамсыз (жалған) деп тану рәсімдеріне өтті.

Бұл норма кәсіпорындарға орасан зор зиян келтіреді, себебі, адал бизнеске қайталанатын, қосарланған салық салу туралы айтылып отыр.

Бұрынғы кодексте 403-бап бар еді, ол алынып тасталғандай көрінді, бірақ қазір белгілі болғандай, ол жай ғана басқа бапқа көшірілген (40?).

Бұл Кодекстегі ең өзекті және негізгі мәселелердің бірі. Өйткені жергілікті жердегі әріптестеріңіз салығын адал төлейтін, жұртшылықтың көз алдында жұмыс істейтін, тіркеуде тұрған, айналымын ашық көрсеткендерге іс жүзінде қосарланған салық (өсімдер мен айыппұлдарды қосқанда) салады.

Ал оларды заң бұзушылықтарға итермелеп, салық төлемегендер, заңсыз жұмыс істеп, жалған құжат беретін алаяқтарды ешкім іздемейді, себебі, олар ресми түрде жоқ немесе олардың бенефициарлары жасырылған, сондықтан, сіздерге олармен әуре болғанша адал кәсіпкерлерді төмпештеген оңайырақ.

5. Пилоттық жобаларға қатысты.  «Ақ жол» фракциясы оларды заң қабылдаудағы парламенттік процедураларды айналып өту құралы ретінде кодекске енгізуге бірнеше рет қарсылық білдірді.

Дегенмен, ұсынылған кодекс жобасында сіздер бір уақытта бес пилоттық жобаны, тіпті үш жыл ішінде енгізу мүмкіндігін ұсынып отырсыз. Екі жыл қатарынан сәтсіздікке ұшырап, қатарынан үшінші жыл күштеп ұсынылатын бұл қандай «пилоттық жоба»?

Осылайша кез келген даулы нормалар заңдастырылуы мүмкін ғой. Сонымен қатар, қорытынды шығару мен нақты іске асыруды өздеріңізге қалдырғыларыңыз келеді.

Шын мәнінде, бұл заң шығарушыны алмастыру. Сіздер Парламентте талқыламай-ақ жаңа салық ережелерін енгізу құқығына ие болғыларыңыз келеді. Пилоттық жобаны өздеріңіз өткізіп, оны сәтті деп жариялап, жаңа ережелерді енгізбексіздер.

«Ақ жол» фракциясы мұндай айла-шарғыларға үзілді-кесілді қарсы, оған қарсы түзетулер енгіземіз. Пилоттық жобалардың нәтижесі, егер олар жүзеге асырылатын болса, заңға енгізілген басқа да өзгеріс сияқты Парламентте қорытындыланып, ашық түрде қаралып, талқылануы тиіс.

6. Тағы бір мәселе. Барлығымыз осы елдің азаматтарымыз және бюджетімізді толықтыру туралы алаңдауымыз керек. Бүгінде мемлекет бюджеттік дағдарыс жағдайында жұмыс істеп жатыр. Мұны бәрі түсінеді.

Сондықтан экономиканың барлық салалары бюджетке, әлеуметтік бағдарламалар мен мемлекеттің басқа да міндеттерін жүзеге асыруға барынша үлес қосуы керек.

Осыған байланысты Президент салық ауыртпалығы экономиканың әрбір саласының кірісіне сәйкес келетіндей, ал салық салудың өзі әділ әрі біркелкі бөлінетіндей етіп сараланған салық мөлшерлемесін енгізуді тапсырды.

Экономиканың мемлекеттік бюджетке салымы алынған пайдаға анық сәйкес келмейтін салалары бар. Оның үстіне олар мемлекеттен де жеңілдіктер алады. 

Банктер ҚҚС мүлде төлемейді, бірақ басқалар сияқты КТС төлейді. Осының өзінде-ақ бюджет 12% жоғалтып отыр.

Мұнайшылар мен тау-кен компаниялары бюджеттен ҚҚС қайтарымын алады, бұл жерде де сұрақ бар.

Ал сіздер банктердің КТС-іне 5 пайыз ғана қосуды ұсынып отырсыздар. Соның өзінде Ұлттық банк пен ҚНРДА басшылығы банктерге тиіспеу керек деп ашулана бастады. Президент Жолдауында нүкте қойғанынша қасарысты.

Неліктен банктердің КТС-ін 5 пайызға емес, жоғалтқан бюджет кірісінің бүкіл 12 пайызына арттырмасқа?

Неге олардың КТС-ін 25 емес, 30-35 пайыз етпеске? Қалыпты жүктемені арқаласын.

Бүкіл ел үнемдеуге көшкенде, президент өз мүмкіндігіне қарай өмір сүруді талап етті, олардың активтері мен кірістері жыл сайын өсіп келеді. Өйткені бүкіл экономика, әрбір кәсіпорын, әрбір отбасы несиеге үстеме пайыз төлейді.

Жүктемені біркелкі және әділ бөлейік.

Шикізат экспорттаушыларға қатысты ҚҚС-ты бюджеттен қайтару әдеттегі тәжірибе деп айтасыздар. Келісемін, бірақ оны да реттейік: шикізатты экспорттаушылар үшін 50% ҚҚС қайтарылсын, ал толық қайтару тек өңделген өнімді экспорттаушылар үшін белгіленсін. Біз бюджетті толтыруымыз керек.

Шикізатты шетке шығаратындарды ынталандыруды тоқтату керек. Еске сала кетейін, 2022 жылы қабылданған Конституцияның жаңа нормасы бойынша жер мен жер қойнауы халық меншігінде. Неліктен жер қойнауын сатудан түскен кірісті оларды жай ғана шетелге шығаратын, өңдеуге инвестиция салмайтын, жаңа зауыттар салмайтын, жұмыс орындарын ашпайтын шетелдік инвесторлардың иемденуіне жол бересіздер? Еліміздің бюджетіне тиісті салық төлесін.

Бұл кодексте жалпы қандай үрдісті көріп отырмыз?

Ол шағын кәсіпкерлерге салмақ салуды жалғастыруда. Төлем карталарына қысым күшейтілді, такси жүргізушілерін, дәмханалар, шағын сауда, өзін-өзі асырап жүргендерді салықпен қысып тастаған.

Ал, нағыз олигархтарға – банктерге, шикізат өндірушілерге қатысты – салығын 5 пайызға көтеру керек пе, жоқ па деп әлі де алаңдап отырсыздар.

Салық саясаты әділ болуы керек екенін түсінейік. Президент әділ салық жүктемесін туралы айтты, ал, сіздер, құрметті әріптестер, шын мәнінде халқымыз бен байлығымыздан ақша тауып отырған алпауыттарды айналып өтіп, қайтадан ұсақтармен алысып әуре болып жатырсыздар.

«Ақ жол» фракциясы бұл тәсілмен келіспейді, сіздермен ары қарай да жұмыс топтарында тартысамыз.