(2026 жылғы 28 мамырдағы
Мәжілістің жалпы отырысындағы сөзге арналған тезистер)
«Ақ жол» фракциясы аталған заң жобасын қолдамайды.
Құжатта қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар оң шешімдер
ұсынылған, олардың басым бөлігімен келісуге болады.
Алайда біз өзге фракциялардағы бірқатар әріптестер ұсынған экологиялық
бақылау шараларын Кәсіпкерлік кодекстің 129-бабынан шығару, сондай-ақ,
тексерістер жүргізу тәртібін өзгерту жөніндегі түзетулермен түбегейлі
келіспейміз.
Кәсіпкерлік кодексі кәсіпкерлерге қатысты мемлекеттік бақылаудың жалпы
тәртібін реттейтінін еске саламын.
Кез келген жағдайдағыдай, бұл тәртіпті де мінсіз деп кесіп айтуға болмайды,
оны жетілдірудің жолдарын әрдайым іздеуге болады. Бірақ түзетулердің авторлары
бақылау тәртібі тұрғысынан ешбір нақты оң өзгерістерді ұсынып отырған жоқ,
керісінше оларды тексерушілердің өз
еркіне беруді талап етіп отыр.
«Ақ жол» фракциясы мұндай тәсілмен келісе алмайды.
Біріншіден, бұл кәсіпкерлер мен тексерушілер арасындағы құқықтар мен
мүдделер теңгерімін бұзады. Тексерушілер тексерілушілерден де, заңнан да жоғары
қойылады.
Әңгіме бизнеске түсетін әкімшілік жүктеменің артуы, тексерулер санының
көбеюі туралы болып отыр. Оның үстіне, мұндай тексерулердің нысандары мен
әдістері заң аясынан тыс шығарылмақ, бұл кәсіпкерлерге құқықтан тыс қысым
көрсетуге жағдай жасайды.
Еске салайын, Кәсіпкерлік кодексі әзірленген кезде оған бұрынғы мемлекеттік
қадағалау және бақылау туралы заң енгізілген болатын. Егер қандай да бір
бағытты осы кодекстен алып тастасақ, онда оны реттеу құзыреті жекелеген
мемлекеттік органға беріледі. Ал ол бұл шараларды тек өз ведомстволық мүддесіне
бағындырады, менің тәжірибеме сеніңіздер.
Екіншіден, біз әріптестеріміздің ірі алпауыттар, ең алдымен энергетика
саласындағы монополистер, ірі тау-кен, мұнай өндіру және мұнай өңдеу
компаниялары төңірегіндегі экологиялық ахуалға қатысты алаңдаушылығын түсінеміз
әрі бөлісеміз.
Мүмкін, оларға қатысты осы Кәсіпкерлік кодексі аясында қатаңырақ бақылау
шараларын қарастыру қажет шығар.
Алайда бақылаудың кез келген түрін Кәсіпкерлік кодексінің шеңберінен мүлдем
шығару және бизнестің құқығын бұзатын тексерістерді енгізу — іс жүзінде
монополистермен немесе шикізат алпауыттарымен күрес емес, шағын және орта
бизнеске қатысты жүгенсіздікке жол ашу деген сөз.
Ірі компаниялардың тұтас заң департаменттері мен адвокаттары бар, олар кез
келген бақылау түрінде, соның ішінде халықаралық арбитражда да өз мүдделерін
қорғай алады. Қазіргі ТШО мен Қашаған бойынша жағдай соған дәлел.
Ал құқықтық негізден тыс шаралардың құрбаны ең алдымен шағын және орта
кәсіпорындар болады, өйткені олар ведомстволық еркіндіктің алдында қорғансыз
қалады.
ШОБ-тың қорғансыз қалуы инвестициялық ахуал мен іскерлік белсенділікке
төнетін ең үлкен қатерге айналуы мүмкін.
Үшіншіден, былтырғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына және Парламентке
Жолдауында Президент Қ.Тоқаев Үкіметтен бизнеске бақылау жүргізуде мүлде
қарама-қарсы тәсілді талап етті. Дәйексөз келтірейін:
«Бизнестің артық тексерулерден қорғануының маңызды құралы Міндетті талаптар
тізілімі болуы тиіс. Оны толыққанды енгізуді жеделдетіп, нормалардың
Кәсіпкерлік кодексіне сәйкестігіне қосымша ревизия жүргізу қажет».
Түсініп отырсыздар ма, мәселе не туралы болып отырғанын? Ешқандай құқықтық
негізден тыс бақылау болмауы тиіс. Тек Тізілім құрамында ресми түрде бекітілген
талаптар ғана қолданылуы қажет.
Ал сол талаптардың өзі Кәсіпкерлік кодексіне сәйкестігі тұрғысынан
тексерілуі тиіс.
Яғни, Кодексті тексерушілердің «қалауына» бейімдеу емес, керісінше, барлық
тексерушілерді Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына бағындыру қажет.
Біз бәріміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын президент сайлауында
қолдадық, оның жаңа Конституциясын қолдадық. Ендеше Президент саясатына қарсы
мұндай әрекеттер не үшін жасалып жатыр?
Төртіншіден, кезінде Кәсіпкерлік кодексі бойынша жұмыс тобына жетекшілік
ету құрметі маған бұйырған еді. Оның пайда болу себептерінің бірі — 2006 жылғы
«Жеке кәсіпкерлік туралы» заңның сәтсіз тәжірибесі болды. Ол заңда да бақылау
тәртібін реттеуге әрекет жасалған еді. Бірақ әуелі санитарлық-эпидемиологиялық
қызмет өздерінің «ерекше маңызды сала» екенін айтты, кейін өрт қызметі, одан
соң техникалық реттеу саласы шықты — нәтижесінде бірнеше жылдан кейін мемлекеттік
органдар кәсіпкерлермен қайтадан ойларына келгенін істей бастады. Тексеру
тәртібі туралы норма болғанымен, барлық мемлекеттік органдар өздеріне
«қоспағанда» деген белгі енгізіп алды.
Алайда қазір біз сол жағдайдың қайталанып жатқанын көріп отырмыз: алдымен
Кодекстен энергетикалық қадағалау шығарылды, кейін өнеркәсіптік қауіпсіздік,
енді экология мәселесі шығарылмақ. Ертең қалған мемлекеттік органдардың бәрі
келеді және бәрі де өз саласының «аса маңызды» екенін алға тартады.
Ақыры қайтадан бір кәсіпкерге қырық тексеруші келеді. Сонда ол қашан жұмыс
істейді, өнім шығарады, мемлекетке салық төлейді?
Мемлекеттік басқаруда «маңызды емес» сала болмайды.
Өйткені мұндай ерекшеліктер ұлттық экономиканы дамыту мен инвестиция тарту
мәселелері кейінгі орынға ысырылатын үрдіске айналады. Бірінші орынға
ведомстволық шенеуніктердің мүдделері мен өкілеттіктері шыға бастауда. Біз мұны
бәсекелестік туралы заңнан да, рейтингтік қызмет туралы заңнан да және басқа да
құжаттардан көріп отырмыз. Мүмкін, енді осыны тоқтатар уақыт келген шығар?
Соңғысы. Тағы қайталап айтайын, заң жобасында бірқатар орынды әрі
прогрессивті шешімдер бар екенін мойындаймыз. Алайда, көріп отырғандарыңыздай,
бір ғана бастама жаппай кәсіпкерліктің дамуына тұтастай қауіп төндіретін
алаңдатарлық үрдісті айғақтап отыр.
Мемлекет басшысы экономика өсіп жатқанымен, халық табысының артта қалып
отырғанына үнемі назар аударып келеді.
Ұлттық табыстың қайта бөлінуінде, макроэкономика мен ірі компаниялардан әр
отбасы мен әр азаматқа дейін жетуінде ең маңызды рөлді дәл шағын және орта
бизнес атқарады. Ол мемлекеттен жәрдем сұрамай, ұлттық экономикада өз табысын
адал еңбегімен тауып отырған халықтың өзі.
Шағын және орта бизнеске қысым жасау — экономика мен халық арасындағы, бай
мен кедей арасындағы алшақтықты ұлғайту деген сөз. Ал біздің міндетіміз —
керісінше, халықтың табысын арттырып, орта тапты күшейту.
Сондықтан кәсіпкерлердің өкілі ретінде «Ақ жол» фракциясы бұл мәселе шешілмейінше
аталған заң жобасын қолдамайды.
Назарларыңызға рақмет.