https://baq.kz/news/othernews/ak-zhol-nur-joly-dyn-munyn-tyndady-/
ҚазАқпарат ХАА-ның мәліметіне қарағанда, бүгін Алматы облысындағы жұмыс сапары барысында «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Қазақ-Қытай шекарасына барды.
Ол жерде «Nur joly» кеден бекетінде кезекте тұрған жүргізушілердің шағымын тыңдады. Бірнеше айдан бері сарғая кезектерін күткен жүргізушілер электронды кезектің де жұмысы көңілдерінен шықпағанын айтады. Яғни, жүргізуші кезегінің жылжығанын көріп отырады. Бірақ оның алдында және одан кейін қандай жүк көліктердің тұрғанын көре алмайды. Дәл осы жайт азаматтардың кезек дұрыс сақталмайды деп күдігін тудырған. Қазірдің өзінде 500-ге жуық көлік кезекте тұр.
Шағымдарды тыңдаған Азат Перуашев мәселені Үкімет деңгейінде көтеретінін жеткізді.
Панфилов ауданының әкімдігі мәліметінше, бұл кезекпен «Euro Transit« ЖШС айналысуда. Е лімізде пандемия басталған сәттен бастап «Nur joly» кеден бекетінде жүк көліктердің ұзын-сонар кезегі қалыптасқан болатын. Тіпті кезекте тұрған көліктердің ұзындығы 60 шақырымнан асты. Мәселенің күрделенуіне Қытай тарапының көліктерді қабылдауды күрт азайтқаны себеп болған.