6 қыркүйек 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
«Ақ жол» парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында Президенттің
биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауы талқыланды. Жиын барлық деңгейдегі
мәслихат депутаттарының қатысуымен, партияның аймақтық филиалдарымен бейне
байланыс режимінде өтті.
Талқылау басында Азат Перуашев Жолдауды жүргізіліп жатқан конституциялық
реформа аясында қарастыру керектігін баса айтты.
«Маусымның хиті» кезектен тыс сайлау болғанымен, Жолдаудағы саяси мәні
жағынан бірінші орындағы мәселе сайлау емес, Президенттің қаңтар оқиғасына
қатысушыларға жариялаған рақымшылығы. Өйткені, қатысушылардың дені – қарапайым
жастар. Біз түрмелерде болып, қамаудағылармен кездесіп, жігіттердің
амалсыздықтан, әділдік пен жақсылықтан үміттеніп көшеге шыққанын көрдік», - деп
атап өткен ол, осы кездесулердің қорытындысы бойынша «ақжолдықтар» құқық қорғау
органдарына жастардың тағдырын бұзбай, әрбір істі мұқият қарауды сұрап
депсауалдар мен хаттар жолдағанын еске салды.
«Рақымшылық туралы шешім қоғамдық келісімді нығайтуға арналған – мен бұл
қадамды Жолдаудағы ең маңызды саяси шешім деп санаймын», - деп қосты Перуашев.
Жиын барысында сөз алған депутаттар Қ.Иса мен Б.Дүйсембинов Жолдауда
айтылған басқа да бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
Олардың ішінде: сараланған салық ставкаларына көшу, оның қажеттілігін «Ақ
жол» 2011 жылдан бері талап етіп келеді; шешімдер қабылдау құзыреті мен олар
үшін жауапкершілікті салалық министрліктерге беру; мәжілістің өкілеттіктерін
кеңейту және т.б. Осылайша, айтылған бірқатар ұсыныстар «Ақ жол» саяси
бағдарламасының маңызды бөлігін құрайды – мысалы, парламенттік азшылық
партияларының Үкіметті құруға қатысу құқығы.
Әлия Жүнісова, Әлімхан Әбжанов және басқа да партия филиалдарының өкілдері
президенттік бастамаларды қолдайтындықтарын білдірді.
Отырыста Мәжілістің кезекті жалпы отырысына шығарылатын заң жобалары
бойынша фракцияның ұстанымы талқыланды. 7 қыркүйекте бірінші оқылымда
«Прокуратура туралы», «Конституциялық сот туралы», «Адам құқықтары жөніндегі
уәкіл туралы», биылғы жылғы 16 наурыздағы Жолдауды іске асыру барысы туралы»
заң жобалары қаралады. Осыған байланысты Жолдаудағы тапсырмалардың орындалуын
бақылау қажет деген ұсыныс айтылды – Б.Дүйсембиновке тиісті депутаттық сауалды
дайындау тапсырылды.
Партия төрағасы жиынға қатысушыларға Жолдауды жүзеге асыру бойынша заң жобасына
фракцияның 62 түзетуден тұратын ұсыныстар пакеті жіберілгенін, заң жобасын
талқылау барысында фракцияның ұстанымы жарияланатынын хабарлады.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе Қостанай облысындағы өртке қатысты жағдай
туралы болды. «Ақ жол» демократиялық партиясының барлық филиалдары қаражат
жинауға және гуманитарлық көмек көрсетуге атсалысуда. Жиналған қаражатқа «Ақ
жолдың» Қостанай облыстық филиалы ең қажетті тауарларды сатып алып, зардап
шеккен тұрғындарға таратуды ұйымдастырды. Азық-түлік, балалар тағамы, жеке
гигиена құралдары, киім-кешек, төсек жабдықтары сатып алынды. Бұл жұмыс
жалғасуда.
«Біздің гуманитарлық акциямызды қаланың қамқор тұрғындары белсенді түрде
қолдап, киім-кешек, азық-түлік және т.б. әкелуде. Әулиекөл ауданына
гуманитарлық көмектің алғашқы легі жөнелтілді. Қазір аяқ киім, балаларға
арналған кеңсе тауарлары тапшы», – деді «Ақ жол» облыстық филиалы төрағасының
орынбасары Хазез Мешіт.