16
Маусым

"Ақ жол" партиясы Абай облысындағы өртке байланысты парламенттік тергеу жүргізуді ұсынды

«Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашевтың екінші Ұлттық Құрылтайдың секциялық отырысында сөйлеген сөзіне тезистер, 16 маусым 2023 ж.


Құрметті әріптестер

Бүгінгі отырыстың тақырыбы «қоғам консолидациясы» деп белгіленген. 

Менің ойымша, бұл тақырыпты кеңейтуіміз қажет. 

Себебі, мәселе тек қоғамды алаңдататын проблемаларда емес, сонымен қатар бұл қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты нығайтумен байланысты болып отыр.

Тіпті, бұл қарым-қатынас қоғамдағы дискуссиялардың ең өзекті және жиі талқылайтын тақырыбы. 

Еліміздің даму үшін түрлі көзқарастардың бар болғаны заңды. Президент Қ. Тоқаев Құрылтайдың алғашқы отырысында атап өткендей, біздің ұстаным «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт». 

Сондықтан, мен қоғамдық емес, ұлттық консолидация, ұлттық жұмылдыру туралы талқылауымызды ұсынамын. Себебі, ұлт дегеніміз – мемлекеттілікке қол жеткізген қоғамның өзі. 

Сол арқылы ұлттық біріктіруді қамтитын екі негіз бар: 

1) қоғам мүддесімен санасатын мемлекеттік институттар. 

2) осы мүдделерді бір жүйеге келтіретін ұлттық идеяны тұжырымдау.

Мемлекеттік институттарға келетін болсақ, былтыр Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен өткен конституциялық реформа ашық және әділетті мемлекет құруға арналған болатын. Наурызда өткен Парламент және жергілікті мәслихаттар сайлауы жаңа форматтағы мемлекеттік органдардың құрастыруын аяқтады. Сондай-ақ, Мәжілістің биылғы сессиясының ашылуында президент  аудан, қала әкімдерін сайлау, үкімет құрамына парламенттік партияларды қосу, т.б. секілді алдағы қадамдарды анықтап берді. Яғни, бұл бағытта жүйелі өзгерістер жалғасуда, Президенттің де өз жоспары бар екенін көріп отырмыз.

Ұлттық идеяға қатысты айтатын болсақ, «Ақ жол» демпартиясы елімізге «Алаштан» басқа жасанды ұғымды іздеудің қажеті жоқ деп санаймыз. Әрбір еліміздің нағыз азаматы үшін Алаш идеясынан артық құндылық жоқ.

Жақында Ассамблеяның сессиясында Президент Қ.Тоқаев Қазақстанның барлық азаматтары шын мәнінде бір халық деген тезисін айтты. Сондықтан, «Алаш» – бүкіл республика халықының идеясы деп есептейміз. Осы тұрғыда ол демократиялық мемлекет пен ұлттық бірлігімізге арналған қағида.

Бүгінде ұлтшыл азаматтардың арасында «Алаш» атауы мен ұраны үлкен танымалдылыққа ие. Өкінішке орай, кейде оларды пайдаланатындар бұл ұғымның астарында қандай ұстанымдар мен құндылықтарына қатысты ақпараттары жетіспейді. Алаш – құр сөз емес, ұлтымыздың бостандығы мен тәуелсіздікке, демократиялық, зайырлы және прогрессшіл мемлекет құруға деген тарихи ұмтылысы еді. 

Осынау ұлттық идеяны бұрмаланудан қорғап, Алаш қайраткерлерінің мұрасын тек тарихи тұрғыда ғана емес, ең алдымен ХХІ ғасыр талабына сай зерттеп, насихаттауымыз қажет.

Мемлекеттік институттар мен ұлттық идея бірін-бірі толықтырмаса, ұлттық консолидация болмайды. Алаш идеологиясы туралы білімім мен түсінігіме сүйене отырып, ендігі міндет – атқарушы және өкілді билік арасында жаңа қарым-қатынас орнату деп білемін.

Қ.Тоқаевтың «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» қағидасын жүзеге асыру.

Сайлаудан кейін парламенттік көпшілік партиясына үкіметті жасақтау құқығын берген Президент алғашқы қадамды өзі жасады. 

Бұл кішігірім, бірақ шынайы революция.

Келесі міндет – үкімет пен өңірлердің (облыстардың, қалалардың, аудандардың) басшылығына парламенттік партиялардың өкілдерін қосу. Бұл проблемаларды талқылауда (парламент пен мәслихаттар арқылы) ғана емес, басқарушылық шешімдерді қабылдау арқылы да қоғамдық мүдделердің ауанын кеңейтеді. Демек, халықтың билікке деген сенімін арттырып, ұлттық консолидация жолындағы нақты, бәлкім, ең маңызды қадамға айналады деген сөз.

Биліктің атқарушы және өкілді тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдік балансын да қайта реттеу қажет. Бүгінгі таңда депутаттардың бақылау функциялары депутаттық сауалдар мен парламенттік тыңдаулармен шектелген, оған мемлекеттік органдар өз қалауынша жауап береді, ал депутаттардың, тіпті, негіз болған жағдайда да, лауазымды тұлғаларды тексеруге құқығы жоқ. Осы орайда, бюджетті атқарудағы өрескел бұзушылықтар туралы Жоғарғы есеп палатасының жыл сайынғы есептері де, халықаралық парламенттік тәжірибе де біздің парламентке бюджетті ұрлау фактілері бойынша ғана емес, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың түрлі көріністері, капиталды заңсыз шығару, конституциялық құрылысқа қатер төндіру, Екібастұздағы энергетикалық апат немесе Абай облысындағы алапат өрт сияқты резонансты оқиғаларды алдын алу үшін парламенттік тергеу құқығы аса қажет екендігін көрсетеді.

«Ақ жол» демпартиясы қызметі қоғамда әділ сынға ұшырайтын ұлттық компаниялардың, Медициналық сақтандыру қоры мен БЖЗҚ-ның бюджетін парламенттік бақылауға беруді ұзақ жылдар бойы талап етіп келеді.

Әлеуметтік желілер мен көшелердегі қоғамдық талқылаулар кейде мемлекеттік саясатты, биліктің заңдылығын жоққа шығаруға дейін жететіні жасырын емес. Мұндай жағдайларда қандай әлеуметтік келісім туралы айтуға болады?

Мұндай сын-тегеуріндерді жоюдың ең маңызды құралы – Мемлекет басшысының қаңтар оқиғасынан кейін, конституциялық реформаны таныстыра отырып айтқанындай: наразылықты көшеден парламент пен мәслихаттар шеңберіне көшіру. 

Демек, парламент пен мәслихаттар үшін жабық тақырыптар болмауы керек деген сөз.

Ал бұл ретте, мемлекеттік институттар жаңаша қалыптастырылғанмен, олардың тәжірибесі әлі де билік тармақтарын бөлу қағидасына сәйкес келмейді. Әлі күнге дейін депутаттардан, әсіресе, жергілікті жерлерде атқарушы органдармен санасуды талап етеді.

Нақты мысал: Абай облысындағы апат ведомстволардың, атқарушы және өкілді органдардың, жергілікті және орталық биліктің жұмысты өзара үйлестіре алмауының салдары. «Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес жаһандық немесе аймақтық ауқымдағы төтенше жағдай (ТЖ) кезінде Үкіметтік деңгейдегі төтенше жағдайды жою енгізіледі. Жергілікті төтенше жағдайларды жергілікті билік органдары жояды (50-бап).

Бірақ әкімдіктер өрт жаһандық сипатқа ие болған кезде де тек жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялады (бұл сол сәтте планетадағы ең үлкен өрт болды деп хабарланса да).

Бір апта бойы қайғылы оқиғалар болып жатқан облыстың немесе дәл сол ауданның депутаттары төтенше жағдайдың санатын арттыруды және орталық органдар мен күштерді тарту туралы мәселені әкімнің алдында неге көтермеді?

Өртті сөндіру үшін президенттің өзі баруы керек пе?

Қостанай мен Семейдегідей өртті сөндіруге немесе Рудныйдағыдай жылу құбырларының жарылуын тексеруге президенттің өзі бұйрық беруі керек пе?

Немесе тағы бір мысал – биыл бөлшек сауда салығын енгізіп, жергілікті мәслихаттарға шағын бизнеске түсетін салмақты 2 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бірақ, бірде-бір өңір мұндай шешімді әлі қабылдаған жоқ, барлығы салықты 4 пайыз деңгейінде ұстауда. Мәслихат депутаттарының арасында салықты төмендетуге тікелей мүдделі кәсіпкерлер бар болса да. Барлығы әкімнің шешімін күтеді, ал, шағын бизнес күл болмаса, бүл болсын. 

Бізге өкілетті органдардың белсенді рөлі - оған қоса - атқарушы биліктің жағымсыз сигналдарды қабылдауға дайындығы қажет. Қоғам мен мемлекеттің бірлігін айқындайтын да осы.

Мұндай шын демократиялық жүйені бізге Алаш арыстары аманаттап қалдырған. Бұл жүйеде Парламент пен маслихат депутаттары секілді халықтың мүддесін атқарушы органдарға жеткізуі керек. 

Сонымен қатар, қоғамда түрлі пікірлер болуы мүмкін. Сол үшін демократияның арқасында біз көппартиялы жүйеге қадам бастық.

Ал, бұл жүйеде әр партияның депутаттары қоғам өкілдері ретінде атқарушы органдар алдында тиісті өзекті мәселелерді көтерумен қатар, елдегі талқыланатын сұраныстарға да дұрыс бағыт беруі керек. Яғни, қоғам сұраныстарын прогресшіл, мемлекетшіл бағытқа келтіруі қажет.

Біз Алаш арыстары көрсеткен осы бағыттан таймауымыз керек. Сонда ғана ұлттық бірлікке яғни, консолидацияға қол жеткізе аламыз.