26
Тамыз

«Ақ жол» партиясы мүшелері Талица ауылындағы өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуда

26 тамыз 2025 жыл, Абай облыстық филиалы

Абай облысы «Ақ жол» демократиялық партиясы» филиалының мүшесі, Жаңасемей аудандық мәслихатының төрағасы Абильмажинов Ермек Төленұлы облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Талица ауылына барды. Бұл сапарға партия белсенділерінің қатысуы ауылдағы өзекті мәселелердің шешімін табуға ықпал етті.

Жергілікті тұрғындар бұл деңгейдегі басшылар ауылдарына келеді деп күтпегенін атап өтті. Әсіресе «Ақ жол» партиясы өкілдерінің ел ішіндегі нақты түйткілдерге тікелей араласуы тұрғындарға үлкен сенім берді.

Сапар барысында 1974 жылы жатақхана ретінде салынған екі қабатты Талица мектебінің жағдайы қаралды. Қазіргі таңда мұнда 95 оқушы білім алуда, алдағы бес жылда олардың саны 125-ке дейін артуы мүмкін. Осыған байланысты мектеп инфрақұрылымын кеңейту мәселесі көтерілді. Қазіргі уақытта балалар жертөледе орналасқан спорт залында жаттығуға мәжбүр.

Өңір басшысы Берік Уәли бұл түйткілдер назардан тыс қалмайтынын айтып, бірқатар нақты тапсырмалар берді:

                    жаңа мектеп салу мәселесін аудан әкімдігіне зерттеп, ұсыныс енгізуді,

                    интернет мәселесін келесі жылы толық шешуді,

                    жыл соңына дейін ауылға ауыз су тартуды,

                    қоғамдық көлік қатынасын жақсарту үшін бір бағытта автобус қатынауын ұйымдастыруды,

                    көшелерге жарық орнату, фельдшерлік пункт салу және басқа әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.

«Ақ жол» партиясының мүшелері ауыл тұрғындарының мәселелерін билікке жеткізіп, олардың шешімін бақылауда ұстайтын болады. Бұл партияның ел алдындағы басты міндеттерінің бірі – қоғам мүддесін қорғап, халықтың тұрмысын жақсартуға үлес қосу екенін көрсетеді.