10
Қазан

"Ақ жол" партиясы әрқашан Халықпен Бірге!

10 қазан 2025 жыл, Ұлытау облыстық филиалы    

Ұлытау облысы бойынша ҚДП «Ақ жол» партиясының облыстық мәслихат депутаты Аяна Мукееваның бастамасымен, филиал Жастар қанатының жетекшісі Гаухар Менлибаева және облыстық Қоғамдық кеңестің  хатшысы Светлана Оңғарбаевадан құралған жұмыс тобы Қарсақпай ауылына арнайы іссапармен барды.

Жұмыс тобы Қарсақпай ауылының әкімі Асылхан Әлімсейіт пен Ұлытау облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Серік Мәшіріппен кездесіп, жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтаждары мен өзекті мәселелерін тыңдады.

Бұл сапардың негізгі мақсаты — ауыл тұрғындарының нақты жағдайымен танысып, өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастыру болып табылады.

Денсаулық сақтау саласындағы мәселелер ерекше назарда болды:

·        Техникалық Қамтамасыз етудегі Алаңдатарлық Жағдай: Төрт елді мекенге қызмет көрсететін бір ғана поликлиниканың техникалық базасы сын көтермейді. Алты қызметкерге бір ғана, 1990 жылы шыққан ескі компьютермен жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл – цифрлы ғасырдағы медициналық қызмет көрсету сапасына үлкен кедергі!

·        Ғимараттың Апатты Жағдайы: 2017 жылы салынған поликлиника ғимаратына содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ғимарат шөгіп, терезе әйнектері сынған, едендегі линолеум жыртылып, кей кабинеттерде оның орнына жай ғана қораптар төселген. Әжетхана жұмыс істемейді. Ең өкініштісі, сынған құралдарды медицина қызметкерлері өз қалтасынан сатып алады.

·        Қауіпсіздік Жетіспеушілігі: Поликлиника ғимаратында қарапайым бейнебақылау камералары жоқ.

·        Штаттық Бірліктердің Жоқтығы: Сантехник, күзетші  сияқты штаттық қызметкерлерді көрмедік.

·        Жылу жүйесінің жағдайы да алаңдатарлық: Қазандық дұрыс қондырылмаған, тек бір ғана от жағушы жұмыс істейді. Сонымен қатар, резервтік насос пен қосалқы қазандықтың болмауы қыс мезгілінде үлкен қауіп тудырады.

Аяна Мүкеева:

«Біздің мақсат — қағаз жүзінде емес, нақты өмірде халықтың үнін билікке жеткізу. Бұл мәселелер назардан тыс қалмауы тиіс. Халыққа қызмет ету — ең үлкен парызымыз!»- деп атап өтті.

Сонымен қатар, депутат спорт кешенін аралап, жас спортшылармен тілдесіп, олардың да сұрақтары мен өтініштерін тыңдады.

Сапар барысында Қарсақпай ауылының әкімі Асылхан Әлімсейіт «Оңтүстіктен Солтүстікке» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлердің мамандарға арнап екі тұрғын үй салып жатқаны туралы оң жаңалықты жеткізді. Бұл – өңірді дамытуға бағытталған маңызды бастама.

Сондай-ақ, кездесу барысында Ұлытау аудандық бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бағдат Егенов көтерілген барлық мәселелермен толық келісетінін білдіріп, оларды шешу мақсатында тиісті уәкілетті органдарға ресми сұраныс жолдайтынын, өз құзыреті шегінде бірқатар кемшіліктерді жоюға және амбулатория қызметкерлері үшін қолайлы еңбек жағдайын жасауға уәде берді.

"Ақ жол" партиясы әрқашан халық мүддесін бірінші орынға қояды. Аяна Мукеева бастаған топтың бұл іссапары – мәселені "қағаз жүзінде" емес, нақты көзбен көріп, халықтың даусын тікелей жеткізуге деген табандылығының айқын дәлелі.