10
Шілде

“Ақ жол” партиясы өңірлік кәсіпкерлікті қолдайды: Абай облысында жергілікті өнім өндірушілердің көрмесіне қатысты

10 шілде 2025 жыл, Абай облыстық филиалы

Семей қаласында “Бір ауыл – бір өнім” және “Қазақстанның үздік тауары” атты өңірлік байқау-көрмелері өтті. Шараның негізгі мақсаты – жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнершілерді қолдау, отандық өнімнің сапасын арттыру және олардың нарыққа шығуына мүмкіндік беру.

Бұл маңызды іс-шараны Абай облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып, оған “Ақ жол” демократиялық партиясының Абай облыстық филиалының мүшелері де арнайы қатысып, жергілікті бизнестің дамуына қызығушылық танытты.

Байқауға облыс бойынша ондаған кәсіпкерлік субъектілері өз өнімдерін ұсынып, үш номинация бойынша бақ сынады:

•        Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар

•        Халыққа арналған үздік тауарлар

•        Үздік азық-түлік өнімдері

“Бір ауыл – бір өнім” жобасына 42 қатысушы тіркеліп, өз салалары бойынша тағам өндірісі, қолөнер, былғары және ағаш бұйымдары, ұлттық киімдер, табиғи өнімдер бағытында тауарларын ұсынды. Қатысушыларға логотип жасау, маркетингтік қолдау, кеңес беру және 5 млн теңгеге дейін грантқа қатысу мүмкіндігі берілді.

Абай облысының әкімі Берік Уәли көрменің ашылуында сөз сөйлеп, жергілікті бизнестің ел экономикасындағы маңызды рөлін атап өтіп, мемлекет тарапынан қолдаулар жалғаса беретінін жеткізді. Көрме барысында аймақ басшысы әр павильонға жеке тоқтап, кәсіпкерлердің жұмысына оң бағасын берді.

Байқау нәтижесінде үздік өнім иелері Астана қаласында өтетін республикалық көрмеге жолдама алды.

“Ақ жол” партиясы елдің экономикалық әлеуетін көтеруде кәсіпкерлік саласының маңызына баса назар аударады. Отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету – партияның басты құндылықтарының бірі.

Өңірлік даму – жергілікті кәсіпкерлікті қолдаудан басталады!