22
Мамыр

«Ақ жол» партиясының сайлаудағы бақылаушылар мен сенімді өкілдері марапатталды

22 мамыр 2023 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі 

Бүгін Астанадағы «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық кеңсесінде 2023 жылғы 19 наурызда өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан бақылаушы болған қоғам белсенділеріне алғыс айту рәсімі өтті.


Партия төрағасы Азат Перуашев «Ақ жолдың» намысын қорғап, сайлаудың әділ өтуін қырағылықпен қадағалап, партияның  саяси белестен абыроймен өтуіне азаматтық батылдық пен табандылық көрсеткен барлық бақылаушыларға, сенімді өкілдерге зор алғысын айтып, «Әділ сайлау қорғаны» төсбелгісімен марапаттады. 


- Алаш ұлттық идеясын, парламенттік Республика, нарықтық экономика және адал бәсекелестік қағидаттарын ілгерілетуді мақсат тұтқан партиямыз бен оның кандидаттары сайлау науқанына белсене қатысты.

Алайда, бұл сайлау бұрынғыдан да шиеленісті болып, қайсар күреске ұласты; біздің байқаушыларымыз, кандидаттарымыз бен олардың сенімді өкілдері әділдік үшін түрлі кедергілерді еңсеріп өтуге мәжбүр болды.

Соған қарамастан, сіздердің берік ұстанымыңыздың арқасында «Ақ жол» демократиялық партиясы көп жағдайда өз сайлаушыларының дауысын қорғап, Республика Парламенті мен жергілікті мәслихаттарда тағы да лайықты орынға ие болды. Бұл жеңісте жеке өзіңіздің тікелей еңбегіңіз бар, - деді Азат Перуашев. 

Жиын барысында Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан келген отыздан астам бақылаушы, сенімді өкілдер марапатталды. 

Сонымен бірге, «Ақ жол» лидері мұндай марапаттар сайлау кезінде еңбегімен ерекшеленген өзге өңірлердегі партия белсенділеріне де табысталатынын да атап өтті.


- «Ақ жол» демократиялық партиясы әр бақылаушы мен сенімді өкілдердің еңбегін, ерлігі мен сенімін ақтауға бар күш-жігерін салады. Мұндай командамен біз талай игі істі атқара алатынымызға сенімдімін, біздің басты жеңістеріміз әлі алда, - деді партия төрағасы.