22
Қыркүйек

«Ақ жол» партиясының ШҚО филиалы – мейірім мен қамқорлықтың тірегі

22 қыркүйек 2025 жыл, Шығыс Қазақстан облыстық филиалы

Өскемендегі Арнайы балалар үйінің кішкентай тәрбиеленушілері үшін нағыз мереке ұйымдастырылды. Бұл игі істің бастамашысын, «Ақ жол» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиал төрағасын - Қажумхан Қайырденовты облыстық партия Кеңесі қолдады.

Жиырмаға жуық бала пиццерияға барып, өздеріне арнап әзірленген мерекелік дастарқаннан дәм татты. Балдырғандар аниматорлардың қызықты ойындарына қатысып, ойын алаңында еркін ойнап, шат-шадыман көңіл күйге бөленді. Балалардың жүзіндегі қуаныш пен шексіз күлкі олардың мейірімге деген сағынышын айқын көрсетті.

Ал ең кішкентай 20 бүлдіршін үшін Қажумхан Қайырденов пен партия белсенділері арнайы балалар тағамын жеткізді. Бұл – олардың күнделікті күтімі мен денсаулығына қажет маңызды көмек.

«Балалар – біздің болашағымыз. Әрқайсысы қамқорлық пен жылулыққа лайық. Осындай іс-шаралар арқылы біз олардың өміріне қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамды қайырымдылық пен жауапкершілікке шақырамыз», – дейді филиал төрағасы Қажумхан Қайырденов.

«Ақ жол» партиясының ШҚО филиалы үшін әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыс – тек мерекелік шара ғана емес, жүйелі түрде жалғасатын дәстүр.

Осындай қамқорлықтың арқасында балалар өздерін қоғамның ортасында сезінеді. Бұл – олардың болашағына жасалған инвестиция.