27
Қыркүйек

«Ақ жол» партиясының ШҚО филиалы өңірдегі жоғары оқу орындарына «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» республикалық байқауы туралы ақпарат беруде

27 қыркүйек 2025 жыл, Шығыс Қазақстан облыстық филиалы

«Ақ жол» партиясының ШҚО филиалының басшылығы мен жастар қанаты өңірдегі жоғары оқу орындарын аралап, студенттерге дәстүрлі «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» республикалық байқауы туралы ақпарат беріп, оған қатысуға шақыруда.

Мысалы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде тарих мамандығында оқитын студенттермен кездесу өтті. Жастарға байқаудың мақсаты, шарттары мен номинациялары таныстырылып, олардың ой-пікірлері тыңдалды.

Байқаудың басты мақсаты – «Алаш» қозғалысының саяси тәжірибесі мен рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамының дамуымен сабақтастыра зерттеу. Жарысқа 18 бен 35 жас аралығындағы жастар қазақ және орыс тілдерінде эссе, мақала, зерттеу жұмыстарын ұсына алады.

«Жастарға «Алаш» идеяларының өзектілігін түсіндіру және олардың ғылыми-зерттеу қабілеттерін дамыту – біздің басты міндетіміз. Университеттерде өтетін осындай кездесулер жастарды белсенділікке шақырады», – деп атап өтті Ақ жол партиясының ШҚО филиалының төрағасы Қажұмхан Қайырденов.