02
Маусым

«Ақ жол» партиясының ШҚО филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтті

2 маусым 2025 жыл, Шығыс Қазақстан облыстық филиалы

Бүгін Өскемен қаласында «Ақ жол» демократиялық партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Конференция жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ақ жол» фракциясы аппаратының жетекшісі Берік Дүйсембінов, партия аппаратының жетекшісі Асылхан Қожахметов, сондай-ақ облыстың қала және аудандарынан келген делегаттар қатысты.

Дауыс беру нәтижесінде филиал төрағасы болып Қажұмхан Қайырденов сайланды. Ол – құрылыс және шахта құрылысы саласындағы кәсіпкер, Риддер қалалық мәслихатының депутаты, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің түлегі.

Филиал төрағасының орынбасары Меруерт Смағұлова есепті баяндама жасап, өткен бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Осы кезеңде 100-ден астам іс-шара өткізілген: аудандарға жұмыс сапарлары, әлеуметтік маңызы бар нысандар мен ұзаққа созылған құрылыстарға қоғамдық бақылау, халықпен тұрақты кездесулер, балалар үйі мен қарттар үйіне қайырымдылық көмектер, мұқтаж отбасыларға атаулы қолдау, Сабира Мұхамеджанованы еске алуға арналған поэзия байқауы, спорттық турнирлер және басқа да бастамалар.

Конференция барысында партияға жаңадан қабылданған мүшелерге партиялық билеттер табысталды. Олардың қатарында – жастар мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері бар.

Іс-шара соңында өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты Жанна Сәкетаева «Үздік депутат» медалімен марапатталды.