03
Сәуір

«Ақ жол» партиясы кәсіпкерге зиян келтірген тұлғаларға шара қолдануды сұрады


3 сәуір 2020 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі


«Ақ жол» Демократиялық партиясы төрағасының атына «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС директоры С.А.Ержігітовтің Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекциясы Комитетінің лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері туралы, яғни олардың бастамасы бойынша «Құрманғазы» (Атырау облысы) шекаралық өткізу пунктінде кеден органдарының тарапынан 10 жүк рефрижаторы заңсыз ұсталғаны туралы шағым келіп түсті.
Ұстау үшін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 22 наурызда қабылданған «Қазақстан Республикасы аумағынан үшінші елдерге кейбір тауар түрлерін тасымалдауға тиым салуды енгізу туралы» № 103 бұйрығы негіз болған. Алайда, тауарға қатысты кедендік хаттамалар, тиісті баж салығы төлемдері, барлық тиісті фитносанитарлық процедуралар 2020 жылғы 19 наурызда, яғни шектеулер енгізілгенге дейін жүзеге асырылған. Ұсталған тауар сегіз күн өткен соң, яғни 2020 жылдың 27 наурызында жұмыс күні аяқталғанда ғана өткізу пунктінен жіберілген. Нәтижесінде бұл тасымалдаушының материалдық шығынға ұшырауына, 690 751 мың теңге сома көлемінде тез бұзылатын тауар тиелген көлік құралдарының тұрып қалуына әкеп соққан. Сондай-ақ, тасымалдаушы тұрақсыздық айыппұлын төлеуге мәжбүр болған.
Осыған орай, партия төрағасы Азат Перуашев ҚР Ауыл шарушылық министрі С.К.Омаровқа және ҚР Бас прокуратурасына тауарларды заңсыз тоқтату фактісі бойынша лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне баға беруді, кінәлі тұлғаларды заңмен белгіленген тәртіпте жауапкершілікке тартуды және бұндай оқиғаларға бұдан былай жол бермеуге шара қолдануды сұрап хат жолдады.

Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы және оның парламенттік фракциясы сайлау алды бағдарламасын жүзеге асыру және сайлаушылардың мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыстарын жалғастыра береді.