Бұл биылғы жылдың 20 қыркүйегінде жарияланған «Ақ жол» демпартиясының депутаттық сауалы мен заңжобасы (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/a-zhol-dempartiias-parlamenttk-tergeu-tural-za-zhobasn-zrlep-kmetke-saraptamaa-zhberd).
Үкіметтің мұндай жауабына не айтуға болады?
Мысалы, парламенттік тергеу функциялары тек парламенттік жүйелерге ғана тән емес. Көршілес Ресей мен Өзбекстан парламенттік емес, президенттік, тіпті, супер-президенттік мемлекеттер. Алайда, оларда парламенттік тергеу институттары мен тиісті заңдары бар.
Парламенттік тергеу институты кеңінен қолданылатын АҚШ та парламенттік емес, президенттік, тіпті, классикалық президенттік жүйедегі ел. Онда премьер-министр де жоқ, атқарушы билікті президент пен оның әкімшілігі басқарады.
Сондықтан, премьердің жауабы біздің үкіметтің конституциялық реформаның символына айналған президент Қ. Тоқаевтың «Күшті президент - ықпалды парламент - есеп беретін үкімет» формуласына сай парламент алдында есеп бергісі келмейтіндігін айғақтайды.
Атқарушы билік бұрынғыдай жұмыс істей бергісі кеп, заманның өзгеріп жатқанына көне алмай жүр. Шенеуніктердің өзгерістерді қабылдағысы келмейтінін білеміз. Сегіз жыл бойы дауласып, ақыры мемлекет басшысының тікелей тапсырмасынан кейін қабылданған «Парламенттік оппозиция туралы» заңымен болғандай, өз ұстанымымызды ары қарай да қорғап, насихаттауға әзірміз.
Түбегейлі өзгерістер қажет.