Сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында партия Төрағасы Дания Еспаева бастаған «Ақ жол» Демократиялық партиясы Республикалық штабының мүшелері Шығыс Қазақстан облысындағы «Восток-Молоко» корпорациясының өндірістік алаңына барды.
Партия өкілдері кәсіпорынның өндірістік үдерісімен, технологиялық желілерімен және шығарылатын өнім түрлерімен танысты. Сондай-ақ еңбек ұжымымен және жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында отандық өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, әкімшілік кедергілерді азайту, тұрақты салық саясатын қамтамасыз ету және қазақстандық өнімнің өткізу нарығын кеңейту мәселелері талқыланды.
Республикалық штаб мүшелері жеке меншікті қорғауға, отандық өндірушілерді қолдауға және әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыруға бағытталған «Ақ жол» Демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бастамаларды таныстырды.
Дания Еспаева өндірістік кәсіпорындар мен кәсіпкерлікті жүйелі қолдау партияның басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. «Ақ жол» нақты экономика саласы жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірлердің дамуына және елдің экономикалық дербестігін нығайтуға ықпал етеді деп есептейді.
Кездесуде бизнес өкілдері өз ұсыныстарын айтып, кәсіпкерлерді толғандыратын өзекті мәселелерді ортаға салды. Айтылған ұсыныс-пікірлер партияның алдағы жұмысында ескерілетін болады.
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
