“Ақ жол” шекарада қаза тапқан Ахметовтер отбасына көмектесті /Мақсат Жақау/ - Казак унi
Тамыз айының 6-сында «Болашақ» республикалық қозғалысының бір топ жігіттері қазақ-өзбек шекарасында қаза тапқан балықшының үйіне барып, 40 күндік садақасына қатысып қайтқан. Қайтіп келісімен, қоғамға дабыл қақты. Жастар ұйымының берген мәліметінен, қазақ шекарасында тұрып жазықсыз атылған Уәлихан Ахметовтың артында алды 1,5 жасар мен арты 9 сыныпта оқитын 7 баласы қалғанын білдік. Артынша, осы ізбен “Ақ жол” Қазақстанның Демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалына тиісті нұсқау беріп, қайғыға душар болған отбасының ахуалымен танысып, көмек қолын созуға аттандырды. Қиын жағдайдағы Ахметовтер отбасына сабырлық пен жас ұрпақтарының аман-есен жетілуін тілей отырып, «Ақ жол» партиясы қаржылай-консультациялық көмек беріп қайтты.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Қызыләскер ауылында балықшы Уалихан Ахметов маусымның 27-нен 28-іне қараған түні Сырдария өзенінің жағасында өзбек шекарашыларының қолынан қаза тапқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Уалихан Ахметов – тәуелсіздіктен бері Өзбекстан шекарашыларының қолынан қазақ тапқан тек Сарыағаш ауданының 56-шы тұрғыны. Аталған 56 адамға қатысты нақты дәлелдерді жергілікті тұрғындар: «Қажет болса, 56 көз жұмған қазақтың да үйіне кіріп шығуға болады» деген. Қаза болған жігіт Сырдың бойында, қалың тоғайдың ішінде Қазақстанның территориясында екен. Екі елдің шекарасы Сырдарияның ең терең жерімен өтеді деп келісілген екен. Ал, Ахметов өзен ішінде атылған, түн ортасында. Қалыптасқан жағдайда балықшының өзен ішінде ең терең жерден өтіп кеткенін анықтау мүмкін емес. Сол себепті Өзбекстан жағының «шекара бұзып атылды» деуі еш қисынға келмейді.
Қызыләскердегі қалың қазақ жазықсыз өлген бауырының үйіне жиналып, сол сәтте әділдікті талап етіп ашу үстінде күре жолды (Шымкент-Жетісай) жабуға бел байлаған. Бірақ содан сәл алдын Сарығаштағы «қазақ-тәжік қақтығысынан» ауыздары күйген жергілікті билік, Ахметовтың отбасын сабыр сақтауға шақырыпты. Әділ тексеріс жүргізіп, кінәлі тарапты жазалап, марқұмның отбасына жәрдемақы тағайындаймыз деп уәде еткен көрінеді. Бүгін Ахметов Уалиханның ағасы Қалдан аға, сол кезде жолды жаппағанына қапаланып отыр. Себебі, уәденің бәрі әдеттегідей тек сөз жүзінде қалған. Бұндай жағдайлар ,әрине, қарапайым халықтың билікке деген сенімін арттырмайды. Меніңше, қолынан келмейтін іске, әкім қаралар уәде бермеуі керек.
Қызыләскерде 25000-ның үстінде халық тұрады екен. Дені қазақ. Құм арасында қалып қойған осынау ауылдың тіршілігі ата кәсіп: мал, егін және азын-аулақ балық аулау. Таза маңдай тер, қарымды еңбектің арқасында үкіметтен көмек сұрамай, өзін-өзі асырап отырған халық. Бірақ билік, көмек көрсетпек түгілі кедергі жасап қойған. Мәселен, шекаралық айқындауыш белгілер Сырдарияның жағасынан 1,5 шақырымға ішке қарай қашып кетіпті, тоғай арасында қалып қойған, іздеп таба алмайсың. Ал өзбек жағының айқындауыш белгілері дәл өзен жағасында және арнайы үйілген биікке қойылған. Біздің заң бойынша өзеннен балық аулауға қатаң тыйым салынады және айыппұлмен қудаланады. Ал Өзбекстан жағынан қармақпен балық аулап қамсыз, алаңсыз отырғандарды көрдік. Қысқасы бізден барған шекарашылар жергілікті халықтың мұқтаж-қажеттіліктерін мүлдем ескермеген. Ал Қызыләскерде қаншама отбасы осы балықпен күн көріп отырып, қате қабылданған заңды айналып өтеміз деп, талай бәлеге ұрынуда.
Әйелі жақында бір бүйрегін алдыртыпты, мүгедек. Үлкен отбасы кішігірім жер үйде тұрады. Бірақ отағасы еңбекқор болған болса керек, бала-шағама деп үлкен үйдің жаңа фундаментін құйып қойған екен, оның сыртын әдемі шарбақпен қоршапты. Қазір отбасының бар нәпақасы мемлекет тағайындаған 36 000 теңге зейнетақы. Биліктің арнайы жәрдемақы бөлімі бұл үйдің әлі есігін ашпапты да. Өздері келіп, әйелінің және бала-шағаларының құжаттарын алып, мемлекеттік жәрдемақыны ең болмағанда рәсімдеп беруге болмас па?! Ашуға булыққан ағайын ертең шынымен де күре жолды жауып тастаса не болмақ?!
Уалихан Ахметовтың өлімі тікелей екі мемлекеттің шекарашыларының түсініспеушілігінен және жергілікті биліктің әрекетсіздігінен болып отыр. Сол себепті жергілікті билік өз қателіктерін түзетіп, қалыптасқан жағдайды оңтайлы шешсе болар еді. Бірақ марқұмның бауыры Қалдан ағаның айтуына қарағанда, әкімнің орынбасары тек «КТК» арнасының тілшілері келген кезде бой көрсеткен, одан кейін төбесі де көрінбеген. Айтпақшы, БАҚ өкілдері марқұмның қырқына Қалдан аға Шымкенттен журналистерінің біразын шақырыпты, бірақ әлгілер сюжетті эфирге шығару үшін 50 000 теңге сұрапты. Міне, әділдік керек болса!
Жоғарыда айтқанымыздай, «Ақ жол» партиясы бұл жайтқа бей-жай қарамай, қаза тапқан балықшының отбасына қаржылық һәм құқықтық консультациялық көмек берді. Өйткені, марқұмның артында қайғы құшып, асыраушысынан, қорғанышынан айырылған анасы, жары, жеті бірдей перзенті қалды. Сонымен қатар, жылда шекарада құрбан болатын оқиғаның желісімен, Парламенттегі «Ақ жол» депутаттық фракциясының жетекшісі А.Т.Перуашев мәселенің тым шиеленісіп кеткенін, алдағы уақытта депутаттық сауал жолдайтынын айтып отыр. Себебі, Қазақ-өзбек шекарасында қаза тауып отырған алғашқы адам Уәлихан Ахметов емес. Бұл екі ел арасындағы араздықты тудырып отыр, сондай-ақ қазақстандықтардың билікке деген сенімсіздікті өршіте түсіп тұрғандай. Осындай алмағайып заманда қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге енжарлықпен қарау қылмыс.
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 38 (692), 22.09.2015