19
Шілде

«Ақ жол» тарифтердің өсуі аясында энергетикалық машиналарын жасауды дамыту жөніндегі депутаттық сауалына Үкіметтің берген жауабын сынға алды

«Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалына Үкіметтің энергетикалық жабдықтар өндірісін ұйымдастыру қажеттігі туралы жауабын осы саланың өкілдерімен талқыладым. Бұдан шығатын қорытынды: шенеуніктер істің нақты жағдайын білмейді, дұрыс түсінбейді (немесе білгісі келмейді) және нақты сұрақтарға жауап берудің орнына тағы да жалпы пайымдаулар мен «жалпылама» цифрларды желеу етіп отыр.

Мәселен, бізге «елдегі машина жасау өнімдері нарығының көлемі 10 триллион теңгеге бағаланып отыр, оның 1,5 триллион теңгесі (немесе 13,5 пайызы) отандық өнімнің үлесіне тиеді» деп хабарлауда.

Бірақ біз бұл туралы сұраған жоқпыз. Машина жасау өнеркәсібі әр түрлі қосалқы салаларды қамтиды – мұнай-газ немесе тау-кен металлургиялық құрал-жабдықтарды өндіру, көліктік машина жасау (локомотивтер, вагондар, темір жол ажыратқыштары және басқа механизмдер өндірісі) және т.б.   

Бұған бүгінде мемлекеттік қолдау көрсету бойынша барлық рекордтарды басып озған автомобиль өнеркәсібі де жатады. Айтпақшы, аталған 1,5 триллион теңгенің қомақты бөлігі автокөліктердің үлесіне тиетініне күмәнім жоқ, ол көліктердің отандық өндірісі ұғымына әзірге тек дәнекерлеу және шанақ сырлау ғана кіреді, оның өзінде әрдайым емес. Қалғанының бәрі дайын көлемді бөлшектерді құрастыру.

Ал біздің сұранысымыздың тақырыбы – энергетикалық жабдықтың нарықтық сыйымдылығы (осыдан бастаған соң) жөнінде Үкіметтің жауабында бір ауыз сөз де, бірде бір цифр да жоқ.

Ары қарай. Премьер-Министр «Бүгінде еліміздегі энергетикалық машинақұрастыру негізінен қозғалтқыштар мен турбиналар өндірісін қамтиды» деп мәлімдейді.

Бірақ біздің машина жасаушы әріптестер мұны түсінбеуде: Қазақстанда жасалған қандай қозғалтқыштар мен турбиналар туралы айтылып отыр? Қандай қазақстандық кәсіпорындар қандай қозғалтқыштарды, сонымен қатар қандай турбиналарды шығаратынын нақты атай аласыздар ма? - деп сұрауда олар. Оның үстіне Үкімет олардың өндірісін «негізгі», яғни, ең дамыған деп атауда. Егер біз немесе мен пікіріне сүйенетін машина жасау саласының өкілдері қателесетін болсақ, ондай серпінді өндірушілер туралы білейік, олармен танысып, алғыс айтайық.

Негізі Қазақстанда осы уақытқа дейін қозғалтқыш шығаратын жалғыз зауыт болған. Ол бұрындары Қостанайда болған және аталмыш қозғалтқыштар техникаға арналған, энергетика үшін емес. Турбиналар туралы: Алматының «Гидромашында» (қазіргі «Белкамит») бір кездері әскери-өнеркәсіптік кешенге арналған турбиналар шығарылған; жеке турбиналарды жөндеуді біздің зауыттар қазірдің өзінде жүргізіп жатыр, яғни, негізі бар (өндірістік, кадрлық). Бірақ олардың толыққанды өнеркәсіптік өндірісіне көшуі үшін мақсатты ұйымдастыру шаралары қажет, оның ішінде салықтық және несиелік қолдау ғана емес, сонымен қатар әрбір ірі энергетикалық субъектінің қажеттіліктері, сатып алу жоспарлары туралы ашық ақпарат керек және т.б.  Монополистердің өздеріне мұндай ашықтық қажет емес екені түсіндірмелерсіз де түсінікті. Жабдықты алыстан, жоғары бағамен (тұтынушылар төлейтін) және ақылға қонымсыз «откаттармен» сатып алу - олардың сүйікті ойыны.

Демек, ашықтық пен жергілікті қамту талаптары – мемлекеттің жауапкершілігінде, «Ақ жол» демпартиясы депутаттарының сауалы осы туралы еді. Бірақ Үкімет өз жауабында бұл аспектілерді назардан тыс қалдырды.

Үшінші. Үкімет қазіргі уақытта «салалық бірлестіктермен және кәсіпорындармен бірлесіп машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп жатқанын хабарлауда, онда ... модернизациялау кезінде  энергетикалық машина құрастырудың отандық өндірушілерін алдымен пайдалану шаралары, қолданыстағыларын кеңейту, сонымен қатар, жаңа энергонысандарды салу, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), «Инвестиция орнына тариф» саясаты аясында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мен реконструкциялау кезінде энергетикалық машина құрастырудың отандық өнімдерін (электрмен қамту жүйелері, жылу жүйелері) пайдалану бойынша кәсіпорындарға қарсы міндеттемелерді енгізу бар.

Мұнда бірден екі мәселені атап өту керек:

а) Аталған Кешенді жоспар биылғы жылдың 11 мамырында машина жасаушылардың XI форумында талқыланған, сол жоспарды талқылаған панельдік пікірталасты мен өткізген едім (https://t.me/peruash/8966).  Сол кезде осы саланың алпауыты Павел Беклемишовтың неліктен жоспар жобасында энергетикалық машина жасау туралы тек үш жол сөйлем ғана (!) бар және мемлекет жылу-электр энергетикасының жаппай істен шығып жатуы аясында осы саланы дамытуға мүдделі ме деген сауалына индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі де, экономика министрлігі де, «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» да, өндірісті дамыту қоры да мардымды жауап бере алмады. 

Оның үстіне, дәл осы себепті «Ақ жол» фракциясы Үкіметке осындай депутаттық сауал жолдады, оған жауап ретінде бізге кейбір «бірінші кезектегі шаралардың» «қарастырылғандығы»  туралы айтуда. Машина жасаушылардың сол форумынан кейін аталған Кешенді жоспарға үш тармақша енгізілді, олар дұрыс болғанымен, жалпылама сипатқа ие.

Ең бастысы, Премьердің жауабында Жоспарға энергетикалық жабдықтар өндірісін ұйымдастыру бойынша қандай нақты шаралар қосылғаны туралы бір ауыз сөз жоқ. Нақтылауларсыз бұл өзгелерге қарай ысыра салған жауапқа ұқсайды. 

б) Біздің сұрағымызға жауап дайындаған Индустрия министрлігі мен Үкімет аппаратының қызметкерлері энепгетикалық машина жасауға электр және жылумен қамту жүйелерін, сонымен қатар, кейбір басқа да жабдықтарды (батареялар, трансформаторлар, электр шкафтары және т.б.) жатқызғандарына қарағанда экономика құрылымына аса бағдарланбаған сияқты (жоғарыдағы жауаптан келтірілген дәйексөзді қараңыз). 

Ал, энергетикалық машина құрастыру - бұл энергия өндіруге арналған өнеркәсіптік жабдықтар өндірісінің саласы (жылулық, электрлік және т.б.). Оған мыналар кіреді: турбиналар, қазандық агрегаттар, күштік машиналар (стационарлық қозғалтқыштар) және энергияны өндіру және алу процесіне қатысатын олармен байланысты аппараттар мен құрылғылар (қысым реттегіштері, отынды беру және жағу және т.б.).

Электр энергиясын одан әрі беруге, оны түрлендіруге және таратуға арналған жабдықтар (трансформаторлар, кабельдер, аккумуляторлар және т.б.) көлік құрастырудың электротехника саласына жатады. Бұл сала энергетикалық машина құрастырудан гөрі біздің елде табысты дамып келеді, бірақ шенеуніктердің жұмысы нәтижесінде емес, Сайдулла Қожабаев және оның әріптестері сияқты өз ісіне ынталылардың арқасында. Үкімет ұсынған «энергетикалық инфрақұрылым объектілерін жаңғыртуға және салуға қатысуға дайын екендіктерін білдірген» отандық кәсіпорындардың тізімінде қазандық қондырғыларын, генераторларды, турбиналарды өндіруші бірде-бір (!) кәсіпорынның жоқтығы кездейсоқ емес. 

Кейбір жағдайларда бұл жылу алмастырғыштарды немесе тығынауыш арматураларды өндірушілер болса, енді бірде - трансформаторлар мен басқару шкафтарын жасаушылар. Мұның бәрі маңызды және қажет, бірақ бұл энергетикалық машина құрастыру емес. Үкімет аппараты немесе МИИР қызметкерлері бұл айырмашылықты мүлде түсінбейді деп ойламаймын, бәлкім, олар экономиканың бір секторындағы олқылықты басқа салалардағы жетістіктермен жабу үшін мұндай кеңейтілген түсіндіруге әдейі жол берген. Бірақ бұл дұрыс емес және мемлекетшілдікке жатпайды.

Әлде шенеуніктерімізді асыра бағалап отырмын ба?

Осы арада біздің сауалымыздан кейін-ақ бүгінгі электр өнеркәсібінің көшбасшысы «Alageum Electric» компаниясының иесі маған: «Азат мырза, мемлекеттік органдардың дұрыс ұстанымы болса ЖЭО-ның күрделі жабдықтарын құрастыруды қуана ұйымдастыра аламыз» деп жазды. Демек, оларды естімей ме?

Саланы мемлекеттік қолдау туралы айта келе, құрметті Премьер салықтық және кедендік жеңілдіктерді, инфрақұрылымды, Қазақстанның Индустрия қоры арқылы берілетін жеңілдетілген қаржыландыруды тізіп өтті.

Осы арада, 11 мамырда өткен жоғарыда аталған машина жасаушылар форумында мен КДҚ құрылғаннан бері машина жасау саласының 10 кәсіпорны (тек энергетика ғана емес, жалпы)  қаржыландыруға өтінім берген, оның екеуі ғана келісімнің барлық кезеңінен өткені туралы мәліметтерді жарияладым. Бірақ бұл екеуінің ешқайсысы Қордан қолдау көрмеген. https://t.me/peruash/8968

Сондықтан, жеңілдіктер тізімімен қатар, біз сұраған энергетика сегментіндегі қанша кәсіпорын осы нақты «жеңілдікке» қол жеткізе алғанын анықтаған дұрыс. Бірақ бізге мұндай деректерді берілмеуде, мүмкін олардың жоқтығынан болар. Ал, басқа сөздердің қажеті не?

Үкімет сондай-ақ «Биылғы жылы өңдеу өнеркәсібін несиелендіруге 500 миллиард теңге қарастырылған, мұнда қаржыландыруға ең көп өтінімді машина жасау кәсіпорындары берген» деп сенімді хабарлайды. Бұл шынымен жақсы жаңалық. Бірақ біз нақты бір сала туралы сұрадық: энергетикалық жабдықтар өндірісі.

Осы 500 миллиардтың жүздеген миллиардтары машина құрастыру зауыттарын, локомотивтерді, вагондарды, бұрғылау стансаларын және тау-кен жабдықтарын құрастыруды қаржыландыруға кеткен болуы мүмкін деп топшылаймын. Мұның бәрі маңызды және қажет. Бірақ қазандық, генератор, турбина шығару сияқты отандық өндіріс жолға қойылмаса, алдағы қыста Екібастұз бен Риддер ғана емес, еліміздің жартысы қатады. Ал жылыту маусымына үш ай қалды.

Ал көтерілген тарифтер бойынша халық пен кәсіпорындардан жиналған триллиондар осыдан он жыл бұрын болғандай, энергетика саласына ұзақ мерзімді пайдасына жарамастан, шетелге шығарылады.

Үкімет сондай-ақ Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдерді қайта қараудан бас тартты, бірақ бұл жеке мәселе, мен ол туралы кейінірек жазып, пікірталасты жалғастырамын.