«Ақ жол» өткізген алқалы жиын /Асқар Тұрапбайұлы/ - Егемен Казакстан (Астана)
Ел тілегі ескерілді. Бұл – баршаның қалауы
Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент сайлауына кандидат болып ұсынылуына орай отандастарымыздың ортақ ойы осындай
Кезектен тыс президенттік сайлау мерзімі жақындаған сайын еліміздегі саяси күштер белсенділік таныта бастады. Бұған дейін екі саяси партия өз құрылтайларын өткізсе, кеше солардың қатарына Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы қосылды. Яғни, аталған партияның ХІІ съезі өтіп, онда кезектен тыс президенттік сайлау бойынша партияның ұстанымы қаралды.
Есілдің сол жағалауында орналасқан «Ақ жол» партиясының Орталық офисінде өткен құрылтайға еліміздің 16 өңірінен партиялық конференцияда сайланған 121 делегат келіпті. Соның 118-і партиялық жиында төбе көрсетсе, қалған 3-уі белгілі себептермен қатыса алмады.
Сайланған делегаттардың өкілеттіктері расталған соң, олардың құрамы қоғамның әртүрлі табы мен тобынан екені белгілі болды.
Алдымен сөз алған «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев келесі жылы президенттік және парламенттік сайлаудың қатар келуіне сарапшылар былтырдан бастап назар қоя бастағанын ерекше атады. Ел Конституциясының 41-бабының 3-тармағы бұл сайлауларды бірге өткізуге мүмкіндік бермейтіні айтылды. Осыған орай сөзінде партия басшысы өз ойын былайша өрбітті: «Біздің саяси жүйеде президент институты өлшеусіз жоғары тұрғанын мойындауымыз керек, өйткені, дәл осы институт мемлекеттік дамудың бағытын және қарқындарын айқындайды. Сол себепті, Қазақстан халқы Ассамблеясы президенттік сайлауды кейінге қалдырмай өткізуді ұсынды».
А.Перуашев, сонымен қатар, кезектен тыс сайлау өткізудің астарында отандық экономикаға сыртқы қауіптердің болуы, бизнестің рынокты жоғалтуы, банктерде қолма-қол теңгенің кемуі сияқты келеңсіздіктердің орын алуы мүмкіндігімен түсіндіруге тырысты. Бұл ретте, төраға геосаяси қауіптердің орын алуы факторларының да жоқ еместігіне назар аудартты. Осындай сыртқы тұрақсыздықтар: Таяу Шығыс, Еуропа және Украинада орын алуда. Әсіресе, Қазақстан үшін Ауғанстаннан екі ай бұрын халықаралық коалициялық күштердің әкетілуімен аймақта кикілжіңдер орын алып, еліміз шекарасы маңында тыныштық бұзылуы мүмкіндігі де аталмай қалған жоқ.
«Осылайша, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім – тактикалық тәсіл емес. Бұл келе жатқан қауіп-қатерлердің алдын алумен байланысты. Сондықтан да біздің партия Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын қолдады. Осыдан «Ақ жол» партиясының бұл президенттік сайлауға қатысуы туралы сұрақ туындайды», деді Азат Тұрлыбекұлы. Бұл ретте, партия серкесі Қазақстанда және оның сыртында мемлекеттік органдар жұмысына ырғақ беретін, экономикаға прогрессивті міндеттер қоя білетін және ұлтты ұйыстыра алатын Нұрсұлтан Назарбаевқа теңесер саяси және мемлекеттік тұлға жоқ дегенді де баса айтты.
Ол, сондай-ақ, ұлттық мүдделерді алға жылжыту мен мемлекеттілікті нығайту; өндірістік экономиканы құру мен кәсіпкерлерді қолдау бағыттарында Нұрсұлтан Назарбаевтың көп нәрсе істегенін және істей алатынын ерекше атады. «Біз миллиардтаған инвестициялар тарту, кәсіпорындарымызды заманауи құралдармен жабдықтау, қызметкерлерімізді шетелде оқыту, халықаралық нарыққа еркін шығу және басқа да көптеген мүмкіндіктерге ие болып отырмыз. 20 жыл бұрын бізде мұның бірде-бірі болған емес. Бізге үлкен бизнеске жол ашқан – Нұрсұлтан Назарбаев. Ол бізді үйретті, көмектесті, бағыт берді және жаңа жеңістерге шабыттандырды», деді «Ақ жол» партиясының басшысы сөзін қорытындылай келіп.
Сөйтті де, 26 сәуірдегі президенттік сайлауда «Ақ жол» демократиялық партиясы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасына қолдау көрсетсін деген ұсыныс енгізді. Бұл ұсыныс съезд делегаттары тарапынан қолдау тапты.
Дерекнама - Егемен Казакстан (Астана), № 48 (28526), 13.03.2015