Орал. Шекара қызметі үшін теңіз кемелерін, мұнай компаниялары үшін металл өнімдері мен өзге де жабдықтарды шығаратын әйгілі «Зенит» зауытында болып қайттық.
Ұзақ жылдар бойы кәсіпорынды басқарған Вячеслав Валиевпен көрші елге салынған санкциялар салдарынан қажетті қосымшалардың жеткізілуі қиындаған өндірістік ахуалды талқыладық. Мұнай компаниялары үшін алмастырылатын детальдерге арналған техникалық құжаттаманың жоқтығы мәселесі әлі шешілмегесін, «зениттіктер» үлгілерді қолмен өлшеп өндіруге мәжбүр болып отыр.
Біздің ойымызша, бұл 3-4 жыл бұрын құрылған Халықаралық мұнайгаз машинажасау орталығының әрекетсіздігі, қазақстандық кәсіпорындарға көмек көрсету деген желеумен үш ірі консорциум (Қарашығанақ ВР, ТШО және NCOC) құрған бұл ұйым шын мәнінде отандық зауыттардың жаңа технологияларды игеріп, жаңа өнімдерді шығаруына ешқандай әсер етпеді.
Ұжыммен тілдестік: адамдар бағаның өсуіне шағымдануда, бұл өсім жаз айларында Ұлттық банктің жойдасыз саясаты салдарынан емес, қалыпты себептер күшімен (көкөніс пен дақылдардың пісуі) баяулады. Енді жылыту маусымы қарсаңында кезекті инфляция шырғалаңын күтіп, алаңдауда. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсу негізділігі де сұрақтар туғызады, он жылдай бұрын «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында ешқандай нәтиже болмай, монополистер ақшаны шығарып ғана алғанын зауыттықтар ұмытқан жоқ. Оларға мұндай сиқырлы әрекеттерін бұл жолы да қайталауға ештеңе кедергі келтіріп тұрған жоқ деп ойлаймын: энергетиктер мен олардың мердігерлерін қажетті бақылау жоқтың қасы.
Әйелдер мектеп оқушылары үшін жазғы демалыс уақытының қысқаруына наразы. Зейнет жасына кеп қалған қызметкерлер жұмыс өтілін қалпына келтіруге көмектесуді сұрады: тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында асығыс құрылған барлық кеңестік кәсіпорындар жабылып, архивтері сақталмады. Нәтижесінде сол кезеңде жұмыс істеген көптеген қызметкерлердің 90-шы жылдардың соңы мен 2000-шы жылдардың басындағы жұмыс өтілдері жоғалуда, бұл зейнетақының 30-50 мың теңгеге азаятындығын білдіреді. Қарапайым адамдар үшін бұл қомақты қаржы, жарты теңге болса да бұл олардың маңдай терімен тапқан ақылары. Жұмыс өтілін дәлелдеу үшін оларға сотқа беріп 30 жыл бұрын бірге жұмыс істеген 3 куәгер/әріптесті сотқа келтіруді ұсынуда. Көбіне бұл тек қаржылық шығын емес (сот салығы), физикалық тұрғыдан да мүмкін болмайды. Адамдар тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығындағы еңбек өтілін жалпылама заңдастыруды өтініп отыр: парақорлардың заңсыз жинаған мүлігі үш рет заңдастырылды, біздің еңбегімізді неге заңдастырмасқа деп сұрауда жұмысшылар. Салмақты дәйек, үкіметпен талқылау керек. Сондай-ақ, поликлиникалардың мардымсыз жұмысы туралы мәселе көтерілді: бір маманға жолдама алу үшін терапевттің консультациясы керек, ал, терапевтке кем дегенде екі апта бұрын жазылу қажет. Зауыт қызметкерлері “Яғни, өз білгеніңше емделу керек пе?” - деген сұрақ қояды және керексіз бюрократияны жойып, адамдардың қажет маманға тікелей бару мүмкіндігін қайтаруды сұрайды. “Олар ветеринар емес, біз де тілсіз жануар емеспіз, қай жеріміз мазалағанын өзіміз де түсіндіре аламыз”. Осы тақырыпты біздің фракция мен Медициналық сақтандыру қорының кездесуінде дәрігерлер де көтерді. Науқастар мен клиника да бір пікірде болғандықтан, шешу керек деп ойлаймын.
Ең бастысы, В.Валиев біраз жылдан бері көтеріп жүрген жүйелік қателік — бүкіл ұжымның ойынша зауыт қызметкерлерінің заңды құқығын шектеп отырған (мен бұны жұмысшылардан арнайы сұрадым) машина құрастыру салалық кәсіподағының күмәнді позициясы. 2022 ж. кәсіпорын салалық кәсіподаққа 17 млн тг төлесе, кәсіподақ жұмысшыларға бар-жоғы 180 мың тг аударып, сонымен қатар, алған қаржысының есебін беруден бас тартқан. Яғни, салалық кәсіподақ мүшелерін қолдау мақсатында кәсіпорындардан түскен қаржының тек 1% ғана аударып, қалған 99% өз құзіретіне қалдыруда. “Зенит” зауытының ұжымы (менің білуімше, өзге де бірнеше машинажасау зауыттарының ұжымдары бар) мұндай үлестіруді заңсыз әрі көлеңкелі санайды.
Олар 1% емес, мұндай төлемдердің едәуір көп бөлігі (яғни, 50% астам) ұжымның өз бақылауына жолданып, тек қалған бөлігі ғана (мемлекет аумағы бойынша мәселе жүздеген миллиондар туралы) салалық кәсіподақ өз деңгейіндегі шаралар үшін жұмсай алады деп негізді түрде санауда.
Ал, әзірге салалық басшылығы жұмысшылардың әлеуметтік құқығын қорғау үшін кәсіпорындардан жиналған қаржыны өз қалауынша жұмсауда. Мұндай тәжірибеден бас тарту ойлары да жоқ, керісінше, б.ж. 25 тамызына қол қойылуы көзделіп отырған әлеуметтік серіктестік туралы салалық келісім аясында мұны бекітіп алмақшы.
Бұндай қарым-қатынасқа наразы болған “Зенит” ұжымы аталған профодақтан шығып, зауыттың басшылығы қолдауға дайын болған зауыттың тәуелсіз профодағын құрды. Алайда, кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарының әлеуметтік серіктесті, мысалы зауыттың профсоюзын таңдауға не алмастыруға мүмкіндігі жоқ. В.Валиевтың айтуынша, компания басшылығы мен олардың ұжымының ұсынысын салалық кәсіподақ бен Кәсіподақ федерациясы жауапсыз қалдырып отыр, ал, осы салаға жауапты Индустрия министрлігі бұл дауға араласуға құлықсыз. Ал, Келісімге сәйкес, барлық машина құрастырушы зауыттар еңбек ұжымдарына пайда келтірмейтін салалық профодақты қаржыландыруды жалғастыруға міндетті (еңбек ақы қорының 3,5%). Вячеслав Хамзинович пен оның әріптестері - осы саладағы басқа кәсіпорындардың басшылары - бұндай жағдайға жол беруге болмайды деп есептеп, бұл іске біздің араласуымызды және ЕАҚ пайызын Астанадағы профодақ қозғалысының бюрократтарына емес, еңбек ұжымдарының өздері таңдаған тәуелсіз зауыт профодақтарына немесе нақиы жұмыс істеп, зауыт қызметкерлерін қолдайтын басқа да ұйымдарға төлеуге рұқсат беруді өтінеді. Олардың ұсынысын үкіметте әлеуметтік және еңбек істеріне қарайтын вице-премьер Тамара Дүйсеноваға жіберемін деп уәде бердім.
Сондай-ақ, Орал қаласындағы ТББ бұйымдарын, жеңілдетілген құрылыс блоктары мен өзге де өнімдерді шығаратын «СтройКомбинат» компаниялар тобының жұмысымен танысып қайттым. Басшылық пен еңбек ұжымы компанияның дамуына риза, барлық шығарылып жатқан тауарға сұраныс тек артып келеді.
Зауытта заманауи сапа лабораториясы жұмыс істегенімен, сәйкестікті растау бойынша құрылымдар саласындағы монополист тарапынан адал емес бәсекелестікке тап болуда.
Алайда, бүгінде компанияның негізгі бас қайғысы кәсіпорынның кірме т/ж жолдары бойындағы санитарлық-қорғау аймағын бұзатын тұрғын үй құрылысына мемлекеттік органдардың рұқсат бергені болып отыр. Әрине, тұрғын үй жайлы тұруға арналмаған жер телімінде орналасып, онда тұрғын үй салуға заңмен тыйым салынғанына қарамастан, т/ж жақын жерде тұрғызылған тұрғын үйден пәтер сатып алған адамдар жүк составтары салдарынан пайда болатын вибрация мен шаң-тозаңнан жайсыздық сезінетіні белгілі.
«Кублей» зауытының басынан өткен тәжірибені ескере отырып, ЖШС басшылығы жақын арада оларды да зауыт жұмысының тоқтауына алып келетін сот шағымдары мен т/ж жабылуы күтіп тұрғанынан қауіптенеді. Оған қоса, олардың дерегінше, рұқсатты «Кублей» жұмысын шектеп тастаған құрылыс компаниясы алып отыр. Кәсіпорынды қолдайтынымды жеткізіп, бас прокуратура алында олардың заңды мүдделерін қорғау мәселесін көтеруге уәде бердім.