27
Наурыз

«Ақ жол - жастар» өз жұмысын бастады /Ханым Қуат/ - Казак унi (Алматы)

 
Таяуда «Ақжол» Қазақстан Демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанынан «Ақ жол - Жастар» атты жастар қанаты салтанатты түрде ашылды.
«Жас келсе — іске» демекші, мұнайлы Маңғыстау өңірі өрендері аймақтың мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырып, патриоттық тәрбие беру жұмыстарын табысты атқарып келеді. Олардың қатарына енді «Ақ жол» партиясының филиалы жанынан құрылған «Ақ жол — Жастар» жастар қанаты қосылды. Оның төрағасы қызметіне жас ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Кенжебек Сержан тағайындалды.
— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы іргелі істер мен қарышты қадамдар жасап, еліміздің мерейтойларын кеңінен атап өткізу керектігін қадап айтты. Бұл іске жастар белсенді атсалысып, өз үлестерін қосатынына сенімдімін. Маған жүктелген зор жауапкершілікті абыроймен атқарып, партия жастарының жұмысын жандандыруға, бір мақсатқа жұмылдыруға ант етемін - деді «Жастар қанатының» төрағасы К.Сержан.
«Ақ жол — Жастар» мүшелеріне облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Маралбек Сейлов, «Ақ жол» партиясының ардагерлері Ағзам Жұмсақов пен Жомарт Айдарбек сәттілік тілеп, ақ баталарын берді. «Партияның маңызын әрбір жас білгені жөн. Мемлекеттің өркендеуі партияның көп болуына байланысты. Еліміздің дамуы қарышты бол сын десек, партияларымыз дұрыс бағытта жұмыс жасауы тиіс. Жастар осы егеменді де еңселі еліміздің тірегі әрі болашағы.
Жастардың үні жарқын, көкейіндегі ой-пікірлері ашық болса, мемлекет тірегі де берік болары даусыз» — деді А.Жұмсақов.
Мерекелік шара барысында «Ақ жол — Жастар» жастар қанатына қосылған 30-ға жуық қыз-жігіттерге партия куәлігі салтанатты түрде табысталды. Рәсім аяғында жастар қанатының мүшелері естелік суретке түсіп, шағын концертті тамашалады.
 
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 11 (670), 17.03.2015