13
Желтоқсан

Ақ жол' жетекшісі Алаш Орданың 100 жылдығымен құттықтады - Alashainasy.kz

Осыдан тура жүз жыл бұрын, 1917 жылдың 13 желтоқсанында жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы құрылып, оның басқару кеңесі – Алаш Орда жарияланды. Сәрсенбі күні өткен Мәжілістің пленарлық отырысында «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев депутаттарды осынау айтулы датамен құттықтады.

 

– Биылғы жылы Мәдениет министрлігінің, жергілікті әкімшіліктердің қолдауымен еліміздің барлық аймақтарында Алашқа арналған конференциялар өтіп, алаш астанасы болған Семейде Әлихан Бөкейханға еңселі ескерткіш тұрғызылды.

Ұлттық арнада деректі және көркем фильмдер түсіріліп, көрсетілді.

Аталмыш датаны айқайлатпай, той ретінде емес, жұмыс ретінде мазмұнды атап өтуіміз көпшіліктің көңілінен шықты.

Осыған байланысты, атсалысқан Мәдениет министрлігі мен әкімшіліктерге, қоғамдық ұйымдарға ризашылығымызды білдіріп, баршамызды халқымыздың азаттығы үшін күрескен Алаш Орданың 100 жылдығымен құттықтаймыз!

Алашты ұлықтау бір ғана 100 жылдықпен шектелмейді. Оның ұстанымдары елімізге мәңгі қызмет етеді. Бабаларымыздың Ұлы арманын іске асыру - Елбасының жетекшілігімен тек біздің замандастарымызға бұйырған екен. Енді санаулы күндерден соң сол Тәуелсіздік күнін атап өтеміз.

Еліміз өркендеп,Тәуелсіздік мәңгі болсын!

Халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық тілейміз, - деді депутат өз сөзінде.

Alashainasy.kz